Облыс орталығында жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба өз жұмысын бастады. «Заң мен тәртіп» атты челленджге 8-11 сынып оқушылары қатысып, заңға деген құрмет пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын насихаттауда. Бұл бастама қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің мәнін терең түсінуге жол ашады.
Өскемендегі №46 орта мектепте қалалық деңгейдегі «Заң мен тәртіп» құқықтық челленджінің салтанатты ашылуы өтті. Аталған бастама жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, заңды білу мен оны құрметтеудің қоғамдағы рөлін түсіндіруді мақсат етеді. Челлендж аясында оқушылар өз ойларын креативті форматта жеткізіп, заңнамалық мәдениетке деген көзқарастарын ортаға салды.
Думанғазы Арғынғазин, Өскемен қ. білім бөлімінің басшысы:
Елімізде «Адал азамат» бағдарламасы, біртұтас бағдарламасы бойынша үлкен апталық басталды. «Заң мен тәртіп» деген тақырыпта. Барлық мектептер бүгін соған атсалысады. 46 мектептегі бастаған челленджді басқа мектептерде жалғастырады деп ойлаймыз. Үйткені заң мен тәртіп бар жерде мемлекеттің де болашағы зор болады. Қазіргі жастарға осы заңдық, құқықтық тәрбиені, құқықтық мәдениетті біз сіңіруді басты міндет деп санаймыз.
Азаматтық жауапкершілікке бағытталған челленджге қала мектептерінен жүздеген оқушы қатысып отыр. №46 мектеп оқушылары да бұл бастамадан тыс қалмады. Білім ордасы әкімшілігі мұндай жобалардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Себебі, құқықтық білім – қоғамдағы тұрақтылықтың, тәртіп пен қауіпсіздіктің басты кепілі.
Гүлфарида Ауғанбаева, №46 орта мектебінің директоры:
Маңызды айлық басталды. Заң және тәртіп деген тақырып бойынша. Осы шараға номері 46 орта мектептің 11 сынып оқушылары және ұжым челленджға қатысып, осы челленджді 40 мектепке, нөмірі 48 мектепке жолдадық. Осы шараға 11 сыныптың 105 түлегі қатысып отыр. Себебі мектептің табалдырығын аттағалы отырған, үлкен өмірге қадамдарын басқалы отырған азаматтар мен бойжеткен қыздар үшін өте маңызды тақырыптың бірі болып табылады.
Челленджге қатысқан оқушылар заңға бағынудың маңызын қатарластарына жеткізді. Олар күнделікті өмірде тәртіп сақтаудың, жауапкершілікті сезінудің болашақ үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Жасөспірімдердің айтуынша, бұл бастама олардың құқықтық дүниетанымын кеңейтіп, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге мүмкіндік берген.
Аида Бабақұмар, мектеп оқушысы:
Біз мектеп бітіруші түлектер «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында челленджге қатысудамыз. Бұл заң мен тәртіп қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналуда. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай «Тәртіпке бағынған құл болмас». Осы алғысөзді біз ұстана отырып, мектеп қабырғасында тәртіп пен заңды сақтауға, тағы да өзіміз секілді мектеп бітіруші оқушыларды шақырамыз.
Айзере Русланқызы, мектеп оқушысы:
Мен бүгінгі таңда өткен «Заң мен тәртіп» аясында өткен челленджге қатыстым. Бұл челлендждің басты мақсаты – осы бір заң мен тәртіпті орнату және де құқықтық мәдениетті арттыру.
Алдағы уақытта мұндай жобалар жалғасын тауып, жас буынның құқықтық мәдениетін арттыруға өз үлесін қоса бермек.
Талант Тұрсынов