Аймақтағы жедел жәрдем қызметінің автопаркі 36 жаңа заманауи көлікпен толықты. Соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған көліктер өңірдегі қала мен аудандардағы бөлімшелерге де табысталды. Жаңа техника шұғыл көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Шараға өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, жедел жәрдем қызметін жаңғырту — халық денсаулығын сақтау бағытындағы басым бағыттардың бірі. Өңірдің жер бедері күрделі болғандықтан, автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту уақыт талабы.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің облысымыздың жер көлемі үлкен, таулы, сулы жер басымдылықтары болып табыла береді. Бұл жаңа автокөліктер халыққа қызмет ететін болады. Бұл жұмыстарды әрі қарай да жалғастыратын боламыз.

Жалпы, жедел жәрдем қызметіне 4 С санатындағы реанимобиль және 32 В санатты жедел жәрдем көлігі табысталды. Барлығы халықаралық стандарттарға сай, тәулік бойы жұмыс істеуге бейімделген. Жаңа көліктердің бір бөлігі Өскеменде қалса, қалғаны аудандарға жөнелтілмек.

Бағдәулет Керімхан, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бас фельдшері:

36 су жаңа заманауи халықаралық стандартқа сай қызметтік көліктер табысталды. Бұл көліктер Өскеменнің үлесінде қалады.

Жаңа автокөліктер шалғай елдімекендерге қызмет көрсететін медицина қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетпек. Қазіргі таңда жедел жәрдем бригадалары тәулігіне 600-ге жуық шақыртуға шығып, диспетчерлер мыңға тарта қоңырау қабылдайды.

Медет Еділбеков, облыстық ЖМЖС Самар аудандық қосалқы станциясының фельдшері:

Бүгінгі күн бізге қуанышты күн болып тұр. Үйткені жаңа көлік алып жатырмыз. Бұл көліктерге бүкіл самар ауылы қуанатын болды. Үйткені Самар ауданындағы көліктеріміз ескі болатын. Қазір жаңа көліктер беріп жатыр. Өте қуаныштымыз. Жаңа көліктер қазір дефибрилятор, кислородпен жабдықталған. Бүкіл керекті жабдықтармен жабдықталған. Шалғай ауылдарға барғанға өте ыңғайлы. Мүмкіндігі жоғары, алыстағы ауылдаға тез жетуге мүмкіндігі жақсы.

Жедел жәрдем көліктерісоңғы рет 2020 жылы жаңартылған.

Нұртас Қайролдаев