Мемлекет басшысы Үкіметке 2025 жылдың соңына дейін халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы нақты тапсырма берген болатын. Белгілі уақыт аралығында осы мақсатқа республикалық бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлінген. Бүгін өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар облыс әкімдері де тікелей байланысқа қосылып, есеп берді.
Үкімет отырысына қатысқан аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірде Президент тапсырмасы толықтай орындалғандығын жеткізді. Бүгінгі таңда саланы цифрландыру бағытындағы жұмыстар қолға алынғандығын айтты. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыста айтарлықтай жұмыс тындырылды. Мәселен, 2021 жылдан бері 60 жоба жүзеге асырылды. 112 елді мекенде кешенді блокты модульдік қондырғылар орнатылды. Оған шамамен 48 миллиард теңге жұмсалды. Бұдан бөлек 1000 шақырымнан астам су құбыры желілері салынып, қайта жаңғыртылды.
Рауан Тұрысбек, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылы 8 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде облыс ортағы Өскемендегі Лесхоз кентінде бір жоба, Ұлан ауданында 3 жоба жүзеге асырырлды. Атап айтсақ, Бозанбай, Асубұлақ және Отрадное ауылдарында. Үлкен Нарын мен Катонқарағай аудандарында бұл жоба іске асты. Сонымен қатар Шемонаиха ауданының екі ауылы қамтылды. 2025 жылы су құбыры желілерінің тозу деңгейі 47 пайызға, кәріз желілері 69 пайызға төмендеп, жалпы алғанда сумен жабдықтау және суды бұру желілерінің 358 шақырымнан астамы қайта жаңартылып салынды. Бұл мақсатқа 23 миллиард теңге жұмсалды.
Осы бағыттағы жұмыстар биыл жалғасын табады. Ал осыған дейін атқарылған жұмыс нәтижесінде 48 мың облыс тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Болат Жапсарбаев, Зайсан ауданының тұрғыны:
Зайсан ауданында 36 мыңға жуық адам тұрады. Әкімшілік аумақта 37 елді мекен орналасқан. Оның біреуі қалалық. 8 ауылдық округке бөлінеді. Зайсан ауданы бойынша 37 елді мекенде ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілген. Сумен қамтамасыз етуге Зайсан коммуналдық шаруашылығы әр округте өздерінің келісімшарттары бар. Сумен қамтамасыз етіп отыр.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар облыста су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығындағы суармалы жерлердің 16 мың гектары жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиясы арқылы суарылады. Өткен жылы 4,7 миллиард теңгеге 2000 гектар аумақта су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 5 жоба іске асты. Биыл 3,1 мың гектар аумақты қамтитын 4 жоба бойынша жобалық құжаттама әзірленуде. Су тиімділігін арттыру шаралары өнеркәсіп секторында да жүзеге асырылуда.
Салтанат Кеңесбекқызы