Өскеменде сары түсті қар жауды. Жауған қардың түсі не себепті өзгергеніне тұрғындар таңданыс білдірген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады. Облыстық Экология департаментінің мамандары тексеру жүргізіп, қардың неге сарғайғанын анықтады. Толығырақ тілшіміз баяндайды.

Әлеуметтік желілерде жауған қардың түсі өзгергендігі туралы бірнеше бейнежазба пайда болды.

Облыстық Экология департаменті жүргізген зерттеулердің қорытындысы бойынша ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кетуі анықталған жоқ. Мамандар қардың түсінің өзгеруіне 10–11 қаңтар күндері соққан қатты желдің әсерінен ауа ағындары арқылы шаң мен құмның тасымалдануы себеп болуы мүмкін екенін айтады.

Меруерт Жарлығасымова, Облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:

Өскемен қаласында қар жамылғысының түсінің өзгеру фактісі бойынша сынамалар алынып, зертханалық талдаулар Экология департаментінің сынақ зертханасында жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген нормадан асып кету анықталған жоқ. Қар түсінің өзгеруін ауа массалары арқылы шаң және құм бөлшектерінің және «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 10–11 қаңтар күндері қалада солтүстік-батыстан секундына 15–20 метр соққан жел арқылы бөлшектер тасымалданып, қар жамылғысына шөгуіне себеп болған.

Экологтар мұндай табиғи құбылыстардың бұған дейін 2018 және 2021 жылдары тіркелгенін атап өтті. Қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу жалғасуда.

Салтанат Кеңесбекқызы