Аймақта алдағы күндері қатты аяз күтілуде. Бұл туралы ШҚО ТЖД мамандары өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді. Осы орайда құтқарушылар қыс мезгіліндегі өрт қауіпсіздігі мен үсік шалу қаупінің алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Жыл басынан бері шығыста 37 өрт оқиғасы тіркелген. Оның басым бөлігі тұрғын үйлерде болған. Мамандардың айтуынша, басты себеп — пеш пен электр жылытқыштарын дұрыс пайдаланбау.

Медет Мұқашев, ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

Алдағы күндері ауа температурасының күрт сууына байланысты облыс аумағында -40 градусқа дейін ауа температурасының төмендеуі күтілуде. Аяз түскен кезде тұрғын үй секторында өрт шығу қауіпі жоғары. Яғни пешпен жылыту, газ және эклектр жылытқыштары жоғарғы қауіп көзі болып саналады.

Ресми дерекке сүйенсек, тіркелген өрттердің 9-ы пешті дұрыс пайдаланбаудан, 11-і электр жабдықтарының ақауынан, ал 10 жағдай отты абайсыз қолданудың салдарынан болған. Сондықтан мамандар жылу көздерін үнемі тексеріп, пешті уақытылы өшіріп отыруды ескертеді. Электр құрылғыларында киім кептіруге қатаң тыйым салынған.

Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

Сыртқы ауа температурасы төмендеген кезде негізгі қауіп көздері — пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтары. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында тұрғындарға электр құрылғыларын қараусыз қалдырмауды, электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсірмеуді, қуатты тұрмыстық техниканы бір мезгілде қоспауды ұсынамыз. Электр құралдарын тек нұсқаулыққа сәйкес пайдалану қажет. Сондай-ақ автокөлік иелері көліктерін өрт салдарынан жоғалтып алмау үшін, оны тек бақылаумен және рұқсат етілген тәсілдермен ғана жылытуы тиіс.

Қатты аяз тек өрт қаупін емес, адам денсаулығына төнетін қатерді де күшейтеді. Дәрігерлер алыс жолға шықпауға, далада ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Үсік шалу көбіне дұрыс киінбеу, тар аяқ киім және физикалық тұрғыда шаршаумен тікелей байланысты

Ержан Мұса, Апаттар медицинасы орталығының дәрігері:

Қандай фактрлар ықпал едеді үсікке? Бірінші дұрыс киінбеу. Ауа райына сәйкес киіну керек адам. Шама келсе табиғи материалдардан, жүн, мақта сол секілді коже дейді сондай материалдардан киінсек. Одан кейін дұрыс тамақтану керек. Ұзақ тұрып қалмауымыз керек. Бір орында, далада, аялдамаларда. Жол жүретін болсақ баратын жерімізге шақтап киім, тамақ алып жүруіміз керек. Қауіпті кезеңдерде далаға алысқа шықпай, ТЖД-нің басқа қызмет органдарының ескертуін тыңдап, әрекет етуіміз керек. Үсіктің Төрт бәрежесі бар. Төртінші дәрежеде барлығы үсікке шалдығады.

Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау — төтенше жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы. Құтқарушылар мен дәрігерлер тұрғындарды өз өмірі мен жақындарының амандығына бейжай қарамауға шақырады.

Нұртас Қайролдаев