Шемонаиха ауданы өнеркәсіп пен өңдеу саласында тұрақты даму қарқынын көрсетіп келеді. Бұл бағытта ірі кәсіпорындармен қатар шағын бизнес өкілдері жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалардың үлесі зор. Өткен жылы ауданда өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, сауда, қызмет көрсету және туризм салаларын қамтитын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 11,4 млрд. теңгені құрап, нәтижесінде 96 жаңа жұмыс орны ашылды.
Шемонаиха ауданында инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ауданның экономикалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 45 миллиард теңгеден жоғары болды. Өсу қарқыны 121 пайыздан асып, инвесторлардың ауданға деген сенімі мен аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасын айқын көрсетіп отыр. Ауыл шаруышығы саласы жақсы дамыған ауданда жаңа технологиялар мүмкіндігін шаруалар мен жеке кәсіпкерлер барынша пайдалануға тырысады. Шекаралас аймақтағы негізгі өнеркәсіп нысандарының бірі құрама жем зауыты.
Мадина Шекеева, Шемонаиха ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
2025 жылы кәсіпорын өндірістік желілерді жаңғыртуға логистикалық инфрақұрылымды жаңартуға энергия тиімділігін арттыруға және қойма қуаттарын кеңейтуге бағытталған 1,5 млрд тг инвестиция тартты. Бұл мемлекеттік бағдарлама арқылы жоба іске асырылуы зауыттың технологиялық әлеуетін едәуір азайтып, құрама жем өндірісін арттыруға мүмкіндік берді. 2025 жыл қорытындысы бойынша 11660 тоннаны құрап жалпы құны 1 млрд тг болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайыздан астам өндірісті көрсетті.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алған серіктестік басшылығы жемнің бірнеше түрін өңдеуге қауқарлы құрылғыларын жаңартып, өндіріс технологиясын оңтайландырған. Қазіргі таңда кәсіпорын 65 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Берік Ізбасаров, Кәсіпорын директорының орынбасары:
Айына біз 1800-1700 тонна шығарамыз. Оның ішінен 400-450 тонна шетелге кетеді, Тәжікстан, Өзбекстанмен жұмыс істейміз. 400 тонна Оңтүстік Қазақстанға, қалған 1200 тонна ай сайын Шемонайха ауданына қалады.
Бұдан бөлек ауданда мал шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан сүт өнімдерінің бірнеше түрі өңделіп, өндіріледі. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіп ашып, оны дөңгелетіп отырғандар да бар. Оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы да табысты жүзеге асуда. Осылайша, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы Шемонаиха ауданының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Өнеркәсіп пен өңдеу саласына бағытталған қаржы салымдары жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауданның экономикалық әлеуетінің нығаюына ықпал етуде.
ҚЫМБАТ ИМАНҒАЛИ