Қыс мезгілінде қар тазалау көпшілік үшін үлкен машақат. Ал Өскемен тұрғыны бұл мәселенің тиімді шешімін тапты. Ол қар шығаруға арналған шағын техниканы қолдан құрастырып шығарған. Бүгінде өнертапқыштың ұлы көлікті тізгіндеп, көрші-қолаңға көмектесіп жүр. Қолдан жасалған техниканың мүмкіндігі қандай? Тілші тарқатады.

Дәурен Сағындықов техниканың тілін жетік білетін шебер.Ол қолда бар темір-терсекті қолданып, бірнеше айдың ішінде қар тазалайтын көлік құрастырған. Өнертапқыш алдағы уақытта оны жетілдіріп, қозғалтқышының жұмысын дамытпақ.

Дәурен Сағындықов, қала тұрғыны:

Шығыс Қазақстанда қар қалың жауады. Күрекпен күреп әбден шаршап аулада үлкен, маңайдың бәрін күреу керек. Содан алам да шнек сатып алмақшы болам, оған зауқым толмады да, содан кейін осыны ғаламтордан қарап шығардық қой. Нәтижесі сол заводыкы сияқты емес енді, анасы мынасы сынады, салмақ көтеру нәтижелері дұрыс сәйкес келмей соның бәрін реттеп-реттеп осы нәтижеге жеткіздік. Қазір жақсы, маңайдыңқарын күрейді. Содан кейін ұлымды үйретіп қойдым, ұлым өзі күрейді.

8-сыныпта оқитын Әлижан да техникаға бейім. Әкесінің құрастырған көлігін қысқа уақыттың ішінде меңгеріп алған. Қазір қар жауған сайын көше бойын тазалап, көршілерге қолғабыс етіп жүреді.

Әлижан Дәуренұлы, мектеп оқушысы:

Алғашында қар көп жауып әкем екеуміз қар күреуші едік. Осы көлікті көріп интернеттен құрайық деп шештік. Өзі жүрісі жақсы, ыңғайлы, қарды тез жинайды. Көшені тазалап көршілерден бата аламын.

Қайни Шашуова, зейнеткер:

Қардың бәрін тазалайды, көшеміз таза болады. Қар омбыламаймыз. Такси шақырсақ таксист жолдарың тазаланбаған деп айтпайды, жылдам келеді. Рахатқа батып жүрміз. Көп рақмет мына балаға.

Бекарыс Секен