Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Глубокое ауданы мен Риддерге барды. Сапар барысында өңір басшысы бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы орган мен мәслихат депутаттарының өкілдерімен кездесті. Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Облыс әкімі Глубокое ауданына жасаған сапары аясында өндірістік және білім беру нысандарын аралады. Сонымен қатар, Секисовка ауылындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға барып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасымен танысты.

Мирхат Увазыров, Глубокое аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Бұл амбулаторияда 23 кабинет бар. Мұнда күндізгі стационар, емдік дене шынықтыру, физиотерапия бөлімдері, сондай-ақ педиатр, терапевт, гинеколог және акушер-гинеколог дәрігерлерінің қабылдау кабинеттері орналасқан. Нысан барлық қажетті медициналық жабдықпен қамтылған. Амбулатория 1579 адамға қызмет көрсетеді, оның ішінде 800 ер адам, 785 әйел және 230 жасөспірім мен бала бар. Тұрғындар көрсетілетін қызметке риза. Дегенмен, кадр тапшылығы бар. Яғни, физиокабинетке фельдшер және ЛФК кабинеті үшін реабилитолог қажет.

Өткен жылы пайдалануға берілген мекеме алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Бір ауысымда 25 азаматқа дейін қабылдай алады. Оның ішінде күндізгі стационар да бар. Мұнда медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне және Секисовка ауылы мен көршілес елді -мекен тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Мамандар еңбек демалысына шыққан кезеңде жақын маңдағы ауыл тұрғындары дәл осы амбулаторияға жүгіне алады.

Сергей Федоров, Быструха ауылының тұрғыны:

Қазір біздің ауылдағы дәрігер еңбек демалысында болғандықтан, көршілес Секисовка ауылына баруға тура келеді. Татьяна Владимировна Черткованың қабылдауына жүгінеміз. Ол өте жақсы маман. Тәулік бойы жұмыс істейді деуге болады. Қоңырау шалсаң, ешқашан көмектен бас тартпайды. Аурухана да өте жақсы, қызмет көрсету сапасы жоғары.

Бұдан кейін, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарын Риддер қаласында жалғастырды. Өңір басшысы «SHNET» ЖШС қазандығында аяқталған жөндеу жұмыстарының нәтижесі, жылумен жабдықтау нысандарын жаңарту барысымен танысты.

Алексей Алыбаев, «SHNET» ЖШС директоры:

Қазандықтың жобалық қуаты сағатына 53 мың килокалорияны құрайды. Қазір оның 34 мың килокалориясы ғана пайдаланылды. Қуат қоры әлі бар. Қазіргі уақытта бес қазандық, яғни бірінші, үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы қазандықтар жұмыс істеп тұр.

Бұдан соң, облыс әкімі «Эдельвейс» тау-шаңғы кешеніне барып, туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, қала активімен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін қарастырды. Кейін өңір басшысы «Шығыс жылу» АҚ филиалының ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында үкіметтік резерв пен жергілікті бюджеттен 21 млрд үстінде қаржы бөлініп, Риддер қаласының жылу орталығы үлкен жаңғыртудан өтті. Бүгінгі күні котелдардың взносы 82 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеді. Ал, жылу желілері 85 пайыздан 59 пайызға дейін төмендеді. Биылғы жылы қосымша біз бесінші, алтыншы қазандықтарды ремонттай отырып, 3 км жылу желісін ремонттауымыз керек. Қосымша 17 жылу камераларын ауыстырамыз. Соның нәтижесінде келесі жылдарда бұйыртса жасыл дәлізге енеміз деген ойдамыз. Оған барлық қажеттілік, мүмкіндіктер бар.

Ал, «SteakKing» — өткен жылы инвестициялық жоба аясында салынған заманауи сауда нысаны. Дүкен тұрғындарды кең ассортименттегі тауарлармен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашты. Нысан қаладағы кәсіпкерлік пен сауда инфрақұрылымының дамуына үлес қосып келеді.

Владимир Ситников, жеке кәсіпкер:

Риддер тұрғындары ең алдымен жергілікті өндірушінің сапалы өнімдеріне қызығушылық танытады. Біз негізінен сапалы өнімге басымдық береміз. Мұнда Чернышанкада өндірілген өзіміздің табиғи таза ірімшіктеріміз бар. Сонымен қатар, ет өнімдерін, оның ішінде шұжық, қақталған өнімдер шығарамын. Сондай-ақ қамырдан жасалатын тағамдар да бар.

Осылайша, облыс әкімінің жұмыс сапары өңірдің негізгі салаларын, атап айтқанда денсаулық сақтау, энергетика, туризм және кәсіпкерлікті қамтыды. Инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған.

Фатима Тілейханқызы