Бизнес өкілдері ел экономикасын өркендету үшін жұмыс істеуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында осылай деді. Ел президенті кәсіпкерлер тек пайда тауып қана қоймай, елдің дамуына жауапты болуға, жұмыс орындарын құрып, салық төлеуге, инфрақұрылымға және адами капиталға инвестиция салуға міндетті екенін атап өтті.

Экономиканы өркендету және мемлекеттің қоғамдық негіздерін нығайту ісінде кәсіпкерлер елеулі рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекеттің қолдауын дұрыс түсіне бермейді, әрдайым солай болуға тиіс деп қабылдайды, - деді. Аймақта көптеген ірі компаниялар белсенді қызмет етуде. Бұл тұста мамандар пікір білдірді.

Қымбат Әнуарбекова, Өскемен қ. кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Ел президенті «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін алып тастамайтынын нақты атап өтті. Өскемен қаласы үшін де бұл өзекті мәселе. Мемлекет әрдайым инфрақұрылым, қолдау шаралары, қаржыландыруға қол жеткізу арқылы кәсіпкерлікті дамытуда жағдай жасайды. Мұны бизнес өкілдері ескеруі тиіс. Сонымен қатар, Қасым – Жомарт Тоқаев қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтарды қолдау туралы да өз пікірін білдірді.

Президент «Мейірім» орденін енгізді. Елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер биылдан бастап осы жоғары наградаға ие болады. Осылайша, олардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесі айқындалады.

Гүлдана Айдарқызы