«Заң мен тәртіп» қағидаты «Ана үйі» орталығы үшін өте маңызды. Себебі, мұнда тағдыр тәлкегіне түсіп, түрлі әлеуметтік қиындықтарға тап болған әйелдер келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, баспананың жоқтығы, қаржы тапшылығы немесе отбасында қолдаудың болмауы — мұндағы аналар арасында жиі кездесетін мәселе. Осыған орай орталықта құқық қорғау органы өкілдерімен кездесу өтті. Шарада қатысушыларға заң талаптары түсіндірілді.
Мамандардың айтуынша, қиын жағдайда қалған аналар мен балаларды қорғау – басты міндет. Кездесуде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, құқықтық білімді арттыру жөнінде кең көлемде ақпарат берілді. Қатысушылар сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
Наиля Оңғарбаева, «Ана үйі» ресурстық орталығының өңірлік маманы:
Мұндай шаралардың маңыздылығы — мамандарға өзіңді толғандырған сауалды тікелей қоюға болады. Жүзбе-жүз диалог кезінде олардың шынайы көмектесуге дайын екенін сезесің. Көп жағдайда компьютерлік жүйелер арқылы нақты жауап алу қиын болғандықтан, осындай кездесулер ақпаратты ашық талқылауға және барлық сұрақтарға толық жауап алуға мүмкіндік береді.
Ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орталық құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнатқан. Зорлық-зомбылықтан қорғау механизмдері заңмен бекітілген тәртіп бойынша қадағаланады. Мамандар кездесуде аналарға құжаттарын жинау, әлеуметтік төлемдерге өтініш беру және алимент мәселесін заң аясында шешу талаптарын түсіндірді.
Нұргүл Саяжанова, Өскемен қ. ПБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы:
Өмірлік қиын жағдайға тап болған әйел азаматтармен жұмыс жүргізу оларға құқықтық көмек көрсету. Жалғыз құқық қорғау органдары емес бұл жерде Өскемен қаласындағы заң бойынша нотариустық, әлеуметтік қызметкерлерден бірге әйел азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселесі бойынша сұрақтар көтеріліп, оларға көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде.
Әділетті мемлекет – берекелі қоғам негізі. Сондықтан мемлекет ана мен балал құқығының қорғалуын тұрақты бақылауда ұстайды.
Аяулым Усинова