Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының құрметті энергетигі Миралы Кушеров қырық жылға жуық уақыт бойы адамдарға жарық сыйлап келеді. Оның мамандығы адамзатқа аса қажет ең құнды ресурс – электр энергиясымен тығыз байланысты. Өз ісіне ұқыпты азамат жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Әрдайым кез келген жағдайға сақадай сай тұру, барлығын бақылауда ұстау, ауа райының қолайсыздығына қарамастан апат орнына жедел жету – аудандық электр желілері қызметкерлерінің күнделікті жұмысы.
Шемонаиха аудандық электр желілерінің бастығы Миралы Кушеровтің энергетика саласындағы еңбек жолы 1988 жылы Самар аудандық электр желілерінде жедел-жылжымалы бригада электрмонтері қызметінен басталды. Еңбек жолында ол мамандықтың барлық сатыларынан өтті. Абай облысында, Шығыс Қазақстан облысының аудандарында және Өскемен қаласында қызмет атқарды. Өз еңбек жолында ол түрлі жұмысты атқара жүріп мол тәжірибе жинады. Басшылық қызметте болды. Миралы Кушеровтың Шемонаиха ауданының электр желілерін басқарып, әрбір елді мекенді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етіп келе жатқанына бір жылдан асты. .
Миралы Кушеров, Шемонаиха аудандық электр желілерінің бастығы:
Қолың суықтан жансызданып қалған сәттерде де адамдарға жарық беру үшін міндетті түрде сымды қалпына келтіру қажет болады. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда үйлердің барлығы электрлендірілген, тұрмыстағы барлық құрылғылар жарыққа тәуелді. Сондықтан электрмонтер тоқты қалай және қандай сапада жөндесе, тұтынушыға баратын кернеу де дәл сондай деңгейде болады.
Ал бұл — Шемонаиха аудандық электр желілерінің диспетчерлік қызметі. Осы жерден тәулік бойы ауданның бүкіл энергетикалық жүйесінің жұмысы бақыланады. Айталық, электр қуатының ажыратылулары тіркеледі, тұтынушылардан өтініштер қабылданады және кезекші бригадалардың әрекеттері үйлестіріледі.
Иван Каргапольцев, аға диспетчер:
Біз кернеу мен жүктемеге бақылау жүргіземіз, тұтынушылардан келіп түскен өтініштер бойынша орын алған ажыратуларды анықтап, оларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жоюға тырысамыз. Сонымен қатар менің қарамағымда ауысымда жұмыс істейтін бригада бар. Жөндеу жұмыстарын атқаратын барлық қызметкерлер да бізге бағынады. Олар барлық нарядтар мен тапсырмаларды осы жерден алады. Біз ажыратулар мен атқарылған жұмыстардың барлығына толық бақылау жүргіземіз.
Миралы Кушеров өз әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Ол — талапшыл, бірақ жүрегі кең, әрдайым көмек қолын созып, қиын сәтте қолдау көрсетуге дайын тұратын жан.
Иван Каргапольцев, аға диспетчер:
Ол талапшыл адам, бірақ әділ. Әрдайым ұжымға ерекше көзқараспен қарап, қажет кезде ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беріп отырады. Ө те жауапты әрі өз ісінің қыр-сырын терең түсінетін маман.
Еңбекқорлығының, мамандығына деген адалдығының, білімге деген құштарлығының арқасында Миралы Кушеров бірнеше мәрте салалық құрметті наградалармен және алғыс хаттармен марапатталған. Өз кәсібіне адал, еңбекқор азаматтың өмір жолы көпке үлгі.
Салтанат Кеңесбекқызы