Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық денсаулығын қорғау және елдегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бойынша нақты тапсырма берген болатын. Бүгінде облыста денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүйелі орындалуда. Шалғай аудандарда, ауылдарда медициналық пунктер салынып, бірқатар ауруханалар күрделі жөндеуден өтті. Заман талабына сай құрал-жабдықтармен қаматамасыз етіліп, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша кешенді жұмыс атқарылуда.

Өскемендегі ең ірі денсаулық сақтау нысандарының бірі – №1 емхана. 60 мыңнан аса азаматқа қызмет көрсетеді. Талай жыл жөндеу көрмеген мекеме ғимаратына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңартылды. Сонымен қатар әйелдерге кеңес беру бөлімшесі ашылды. Бұл жерде білікті мамандар ана атану бақытына ие болған жандарға жүктілік кезеңінде барынша қолдау көрсетеді.

Салтанат Қасымова, акушер-гинеколог:

Ол жерде бір бөлімде болатын кабинеттер ол балалар акушер-гинекологы, үлкен кісілер акушер-гинекологы, болашақ аналар мектебі сынды кабинеттер қызмет атқарады. Ол кабинеттерде біз жүкті әйелдердің жүктілігін жүргіземіз, жүктілікке дайындау және босанудан кейінгі көмек көрсетеміз.

Емханаға жөндеу жұмыстары кезең кезеңімен жүргізілді. Барлық кабинеттер жаңартылып, соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Қосымша кабинеттер ашылды. Көптеген талдаулар емхана зертханасында жүзеге асырыла бастады. Мұның барлығы халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстардың бір парасы ғана.

Айман Мырамытова, Өскемен қ. № 1 емхананың бас дәрігері:

Бүгінгі таңда емхана мамандары 66 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 25 мыңы балалар. Сонымен қатар балаларға арналған консультативтік-диагностикалық қызметтер ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта 40 мыңға жуық ересек тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Олардың ішінде репродуктивті жастағы әйелдер саны – 13 835, оның ішінде 176 жүкті әйел бар. Емхана құрамында 24 ересектер бөлімі және 26 педиатриялық бөлім бар, олардың 4-еуі 65 жастан асқан тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Бүгінде мекемеде 400 аса қызметкер жұмыс істейді. Оның 90 дәрігер, ал 375 орта буын медицина қызметкері.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

2023 жылы және былтырғы жылы барлығы 680 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған емхананың 3 ғимараты бар. Сол үшеуіне тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл емханадан басқа 2025 жылы біз осындай 11 медициналық нысандардың күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік 3,6 миллиард теңгеге. Қосымша осы медициналық мекемелерді соңғы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау аясында 3,3 миллиард теңге 243 медициналық құралдар алынып берілді.

Ендігі кезекте емхананың қас беті қайта жөнделіп, аумағы абаттандырылады.

Салтанат Кеңесбекқызы