«Торпедо» командасы Англиядан туған елге оралды. Әуежайда спортшыларды жанкүйерлері мен жақындары қарсы алды. Қазақстандық клуб өз тарихында алғаш рет Құрлықтық кубоктың күміс жүлдегері атанды. Финалда олар мұз айдынының қожайындары – «Ноттингем Пантерс» командасына жол берді. Бұл нәтиже «Торпедо» үшін Еуропа аренасындағы ең үздік жетістік.

2025–2026 жылғы маусымдағы турнирдің финалдық матчтары Англияның Ноттингем қаласында өтті. Шешуші кезеңде өскемендік команда жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. «Торпедо» Данияның «Хернинг Блю Фокс» клубын 6:2 есебімен жеңді. Ал Францияның «Дюк Д’Анже» командасымен болған тартысты ойында овертаймда ғана 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Алтын жүлде үшін өткен матчта қазақстандық клуб мұз айдыны иелері – «Ноттингем Пантерс» командасымен кездесті. Турнир қорытындысында «Торпедо» тұғырдың екінші сатысына көтерілді.

 Андрей Коробейников, бас бапкер:

Физикалық тұрғыда өте қиын болды. Ұзақ ұшып келдік, уақыт айырмашылығы да әсер етті — бес сағат. Үш ойынды қатарынан өткіздік, бұл да оңай соққан жоқ. Финалда аздап күш жетіспей қалды. Эмоциялық әрі моральдық жағынан да ауыр болды, өйткені команданың жартысы мұндай деңгейдегі турнирге алғаш рет қатысып отырды. Кейбір жігіттер үшін бұл — алғашқы тәжірибе. Соған қарамастан, команда бұл сынақтан өтті деп ойлаймын. Лайықты нәтиже көрсеттік, жақсы хоккей ойнадық. Екінші орын алдық. Енді алға қоятын мақсат бар, өсуге мүмкіндік бар. Ендігі міндет — ел чемпионатында жеңіске жетіп, келесі жылы қайта келіп, алтын жүлде үшін күресу.

Алайда команданың ішінде турнир нәтижесі басқаша бағаланады. Капитанның айтуынша, бұл нәтиже қанағат тұтып, босаңсуға негіз емес.

Федор Хорошев, команда капитаны:

Жаман турнир өткізген жоқпыз. Алғашқы ойынды жақсы бастадық. Екінші және үшінші кездесулерде шыдап, жұмыс істедік. Иә, бәрі бірдей сәтті бола қойған жоқ, кей сәттерде мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Қарсылас шабуылда көбірек ойнады, бізге көбіне қорғануға тура келді. Қақпашы да жақсы деңгейде өнер көрсетті. Бірақ жалпы алғанда, бұл мен үшін қанағаттанарлық нәтиже емес. Екінші орынды жақсы нәтиже деп есептемеймін.

Англиядағы турнир командаға еуропалық хоккейдің деңгейін сезінуге және оны өздері үйренген ортамен салыстыруға мүмкіндік берді. Елге келе сала хоккейшілер дайындықты қайта бастайды, себебі алда көптеген матчтар күтіп тұр.

Владислав Пестов, команда қақпашысы:

Бізге қарсы шебер командалар ойнады, олармен мұзда кездесудің өзі біз үшін үлкен тәжірибе болды. Жалпы атмосфера да бөлек, ел де басқа. Басқа құрлықта ойнап, жаңа әсер алғанымыздың өзі біз үшін үлкен тәжірибе болды.

Құрлықтық кубоктағы күміс жүлде — бұл тек «Торпедоның» емес, тұтас қазақстандық хоккейдің деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Өскемендік клуб Еуропаның ең мықты командаларымен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын және халықаралық аренада жоғары жүлделер үшін күресуге қабілетті екенін дәлелдеді.

Талант Тұрсынов