Өңірде қар көшкіні қаупін алдын алу үшін құтқарушылар арнайы оқу-жаттығу өткізді. Шараның мақсаты – таулы аймақтарда болуы мүмкін төтенше жағдайлар кезінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жедел әрі үйлесімді жүргізу дағдыларын жетілдіру.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, тауда демалып жүрген шаңғышы қар көшкінінің астында қалған. Зардап шеккен азаматты іздеу жұмысына қызметтік иттер мен арнайы қар сүңгілері жұмылдырылды. Жедел әрекет ету үшін қарда жүретін техникалар тартылды. Нәтижесінде, зардап шегуші ауыр қардың астынан дер кезінде табылып, қауіпсіз жерге шығарылды. Мұндай жаттығулар таулы жерлерде әрекет етуге дайындықты арттыруға мүмкіндік береді. Мамандардың мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы – қар көшкіні қаупі жоғары өңірлердің бірі. Бүгінгі таңда облыс аумағында 325 қар көшкіні ошағы тіркелген. Көшкін қаупі бар аймақтарға 93 шақырым автожол, сондай-ақ туристік шаңғы базалары кіреді.
Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
Шартты сценарий бойынша таудағы қар массасының астында шаңғышы қалып қалған жағдай қарастырылды. Жедел жеткен құтқарушылар қызметтік иттер мен арнайы қар сүңгілерінің көмегімен зардап шегушіні тауып, ауыр қар астынан шығарды. Қар көшкіндеріне, әсіресе күрделі таулы жер жағдайында жедел әрекет етуге дайындық құтқарушылар үшін өте маңызды. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулар жыл сайын өткізіледі.
Құтқарушылар тауға шығар алдында ауа райы жағдайын қадағалап, «112» қызметінен келетін дауылды ескертулерге назар аударуға шақырады. Қар көшкіні ұзақ қар жаууы, күрт еруі, ауа температурасының ауытқуы, сондай-ақ адамның абайсыз әрекеттері салдарынан болуы мүмкін.
Талант Тұрсынов