Аймақта ауа температурасы рекордтық деңгейден асып түсті. Соңғы күндері сынап бағанасы –40 градусқа дейін төмендеді. Қатты аязға қарамастан, Ертістің жағасына барып, суға шомылып жүргендер жетерлік. Мұздай суға түсуге тәуекел етпейтіндер көп болғанымен, шынығуды әдетке айналдырғандар үшін бұл қалыпты жағдай.

Мұндай уақыттары Ертіс жағасында шомылатын тұрғындарды жиі көруге болады. Вадим Жайнаков пен оның серіктесі Әділет Жапарбеков бұл іспен бірнеше уақыттан бері айналысады. Олардың айтуынша, тұрақты түрде дене сергітіп, суға шомылу күнделікті әдетке айналған. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Өскеменде «ICE MAN Oskemen» жобасы жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда таңертеңгі жаттығуларға шамамен 50 адам қатысады.

Әділет Жапарбеков, Жоба негізін қалаушы:

Бұл суық суға шомылу себебім – менде хандроз болды, протрузия, грыжа болды. Солай спортсмен достарым алып келді, көрсетті. 11 сентябрь күні бастағанмын. Содан бері бір күнде өткізбедім. Қазір шынығу үстіндемін.

Мамандардың айтуынша, шынығуды бастамас бұрын денсаулық жағдайын ескеру маңызды. Ең бастысы – мұздай суға түсер алдында денсаулықтың толықтай жарамды екеніне көз жеткізу қажет. Қара суықта тұрғындар үшін суға шомылудың себептері әртүрлі. Бірі денсаулығын нығайтуды мақсат етсе, енді бірі шыдамдылығын сынау үшін келген.

Науан Жаниенов, қала тұрғыны:

Өзім Көкшетау қаласынан боламын. Өскеменде 7 жылдан астам уақыт тұрып жатырмын. Салқын суға түсумен 1 жарым айдан бері айналысып келемін. Бір айдың ішінде иммунетіміз көтерілді. Қала тұрғындарын спортпен айналысуға шақырамын.

Сақылдаған сары аязға қарамастан суға шомылуды әдет еткендер үшін бұл қалыпты жағдай. Дегенмен, мамандар сақтық шараларын сақтауды еске салады.

Фатима Тілейханқызы