Облыс орталығында 2009–2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен Шығыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Дәстүрлі турнир Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Көкенай Базаровтың жүлдесіне арналды.

Жарыстың мақсаты – өңір құрамасын жасақтап, ақпан айының соңында Астанада өтетін ел чемпионатына қатысатын үздік спортшыларды іріктеу. Көкенай Базаровтың құрметіне бұл спорттық дода жыл сайын ұйымдастырылады. Марқакөл ауданының тумасы еркін күреске саналы ғұмырын арнаған. Кеңес Одағы деңгейінде 20-дан астам спорт шеберін, халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындап, тәрбиеледі.

Көкенай Базаров, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

Өмірім осы күреспен өтті деуге болады. 9 жыл өзім күресіп едім. 73 жылдан бері Марқакөлде спорт мектебі ашылып, еркін күрес болды. Содан жаттықтырушы болдым. 41 жыл еңбек еттім. Сонда өмірі осы спортпен өтті ғой. Халықаралық дәрежедегі төреші болдық. Еңбек сіңірген жаттықтырушы болдық Қазақстанның. 

Турнирге жалпы саны 150 спортшы қатысты. Алыс-жақын аудандардан келген балуандар түрлі салмақ дәрежелерінде бақ сынады. Жарыстың әділ өтуін 15 төреші бағалады.

Нұрболат Мағзұмов, бас төреші:

Күресте өздеріңіз білесіздер, кейде қате кетіп қалуы мүмкін, сондықтан, екі жақтан да камерасы бар егерде көрмей қалған моменттар болса, жаттықтырушы лақтырады. Біз камерадан қараймыз. Ары қарай әділ шешемін шығарамыз.

Мұндай турнирлер жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы. Жарыста балуандар өз дайындықтарының жоғары деңгейде екенін көрсетіп, жаттықтырушылардың тактикалық нұсқауларын толық орындауға тырысты.

Мұхаммед-Әли Базарбеков, турнирге қатысушы:

6 жасымнан келгем, қазір 10 жыл болды ғой треннировка жасап жүргеніме. Жаңағы шыққан тәсілім жақсы болды. Таймаут алды қарсыласым. (сопернигім) шыққанан кейін өзіңе және өзіңнің еңбегіңе ғана сенесің ғой болды. Мен бүгін Үлкен Нарын ауданының атынан шығып отырмын.

Турнирдің құрметті қонақтарының қатарында Шығыс Қазақстан облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Музапаров болды. Ол өз сөзінде Көкенай Базаровтың өңірде күрес спортын дамытуға сіңірген еңбегін атап өтіп, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан спортшыларға барлық жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар жас балуандарға жеңіс тілеп, олардың болашақта ел мерейін асқақтатарына сенім білдірді.

Марат Мұзапаров, облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті:

ШҚО, әсіресе, Өскемен, Тарбағатай, Ұлан ауданында еркін күрес өте жақсы дамып келеді. Жаттықтырушыларына алғыс айтқым келеді. Тек қана Қазақстанда емес, халықаралық дәрежеде үлкен жеңіске жетіп жатыр. 

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Үздік нәтиже көрсеткен спортшылар облыс құрамасы сапында Астана қаласында өтетін республикалық чемпионатта өнер көрсетеді.

Қымбат Иманғали