Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында дәстүрге айналған «Вальс – би падишасы» атты сайысы өтті. Шара лицейде бірнеше жылдан бері жүйелі қолға алынған «Талғам» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Білім ошағындағы «Талғам» бағдарламасы аясында оқушылар қосымша вариативті сабақтар арқылы би, сурет өнерін және әлемдік әдеби шығармаларды меңгереді. Ал осы сабақтардың қорытындысы ретінде «Вальс – би падишасы» сайысын өткізу дәстүрге айналған. Бұл байқауға 7–10 сынып оқушылары қатысты. Жиыны 186 оқушы өз өнерлерін ортаға салды.

Лаура Кемешева, Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының директоры:

Бізде «Талғам» деген бағдарлама жүреді. Бұл қосымша бағдарлама ретінде, барлық сыныптарға енгізілген. Яғни лицей қабырғасында жүрген барлық балалар вальс билеуді үйреніп шығады. Яғни біздің негізгі мақсатымыз, өнерге деген құштарлықтарын арттыру, Сонымен қатар эстетикалық талғамдарын байыту деген секілді мақсатта бұл сабақ жүйелі жүргізіліп келеді. Енді биыл қысқы вальс ретінде осы жерде өткізгелі жатырмыз. Осы сайысымызды бағалауға облысымыздың мықты, кәсіби хариогравтарымызды төрелік етуге шақырып отырмыз. Қазір олар өздерінің бағаларын беретін болады.

Би сайысы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде 7–8 сынып оқушылары сынға түссе, екінші кезеңде 9–10 сыныптар өз ара кім мықтыны анықтады. Әр қойылымды әділ бағалау үшін кәсіби хореографтар шақырылған. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер саласының үздігі, педагог-хореограф Қарлығаш Төкенова да бар.

Қарлығаш Төкенова, қазылар алқасының мүшесі:

Міне екінші бөліміне де келіп қалдық. Жаңа алдымызда 8-9 сыныптар арасында байқау өтті. Балалар өте дарынды. Өздерінің биге деген икемділіктерін, би барысындағы қойылымы, әуенге үйлесімділігі мен дайындықтары көрініп тұрды. Ең бастысы биге деген икемділігі, таңдалып алынған әуенге алынған би қойылымын бағалаймыз. Сонымен қатар, біркеліктері би тілімен айтқанда синхронностьын. Сондай ақ, киімдері өз әуендері мен билеріне сай болуы керек. Сол жағын басты бағалаймыз.

Сайыстың мақсаты-оқушылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, өзара қарым-қатынасты арттыру, өнерге деген қызығушылықты ояту және эстетикалық талғамды қалыптастыру. Вальс арқылы балалар сахна мәдениетін ғана емес, жауапкершілік пен бірлікті де үйренеді.

Сырым Альмурзин, 10 сынып оқушысы:

Жалпы біз келгеннен бері төртінші жыл мәрте, яғни соңғы рет қатысып жатырмыз би фестивальіне. Біздің өзіміздің сынып болып дайындалдық. Биылғы дайындық жақсы болғандықтан өте керемет нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз.

Ақсезім Дәулетова, 9 сынып оқушысы:

Осы дарын мектебіне келгелі бері вальс кесіне 3 мәрте қатысып жатырмыз. 2025 жылы өткен вальс кешінде біз бас жүлде жеңіп алған болатынбыз. Биыл да жоғарғы жетістікке жетеміз деген ойдамыз. Енді жеңіс пен жеңіліс қатар жүргендіктен, біз жеңіліс тапсақ та мойымаймыз.

Би сайысы оқушылар үшін үлкен тәжірибе алаңы. Көпшілігі бұл додаға бірнеше жыл қатарынан қатысып келеді. Ал алғаш рет сахнаға шыққан жеткіншектер үшін бұл — ұмытылмас әсер мен үлкен мотивация алаңы.

Ерсұлтан Қанатұлы, 7 сынып оқушысы.

Бұл менің алғашқы жарысым. Осы жарыста жеңуге үміткерміз. Бірақ аға буын 10 сыныптар өте мықты дайындалған. Бірақ олар бірінші орын алып жатса еш ренішіміз жоқ. Бірақ біз де қатты дайындалдық, сол себепті жеңуге тілектесіп. Алғаш рет қатысып жатқандықтан бізде кішкене уайым бар.

Сайыс қорытындысы бойынша 7–8 сыныптар арасында бірінші орынды 8 «А» сыныбы иеленді. Екінші орын 7 «А» сыныбына бұйырса, үшінші орынға 7 «Б» сыныбы тұрақтады. Ал 8 «Б» сыныбы үздік үштікті түйіндеді. Ал 9–10 сыныптар арасындағы бәсекеде бірінші орынды 9 «А» сыныбы жеңіп алды. Екінші орынға 9 «Б» сыныбы табан тіреді. Үшінші орынды 10 «А» мен 9 «В» сыныптары өзара бөлісті. Осылайша, «Вальс – би падишасы» байқауы жоғары деңгейде өтіп, әр санат бойынша үздіктер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Нұртас Қайролдаев