Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, алдағы парламенттік реформа – осы өзгерістердің басты тетігі. Ол елді бір палаталы Парламентке көшіруге мүмкіндік береді. Жаңа заң шығарушы орган мемлекетте жүзеге асырылып жатқан кең ауқымды реформаларды заңнамалық тұрғыдан толық қамтамасыз етуі тиіс, – деді Президент. Парламент жүйесінің өзгерісіне қатысты өңір саясаттанушылары өздерінің сараптамалық көзқарастарын білдірді.

Мемлекет басшысы жаңа Парламент депутаттары бес жылға сайланатынын айтты. Сонымен қатар заң қабылдау тәртібі де өзгереді. Енді заң жобалары үш кезеңнен кейін бекітіледі. Алдымен оның тұжырымдамасы мақұлданады, кейін түзетулер қаралып бекітіледі, соңында заң қабылданады. Бұл өзгерістер Парламент жұмысының тиімділігін арттырып, бұрын басталған саяси реформалардың логикалық жалғасына айналады. Негізгі мақсат – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген тұрақты саяси жүйе қалыптастыру. Сарапшылардың айтуынша, бұл бастамалар заң шығару үдерісін жеделдетіп, елдің саяси дамуына жаңа серпін береді.

Светлана Линок, саясаттану ғылымдарының кандидаты:

Бір палаталы Парламент құрамында 145 депутат болады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ заңнамалық бағыттар бойынша жұмыс істейтін 8 комитет құрылады. Соның нәтижесінде заң жобалары ұзақ әрі күрделі кезеңдерден өтпей, қабылдау үдерісі жеделдейді. Бұл қоғам өміріне қажетті көптеген заңдардың іс жүзінде тезірек жүзеге асуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар парламенттік реформа конституциялық өзгерістерге де жол ашады. Себебі енгізілетін түзетулер елдің Негізгі заңы – Конституцияға қатысты. Осы тұрғыда алдағы уақытта 1993 және 1995 жылдардағы Конституциялардың сабақтастығын сақтай отырып, мүлде жаңа Конституция жобасы ұсынылуы мүмкін.

Мемлекет басшысының айтуынша, билік институттарының жаңарған жүйесі әр азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғам қалыптастыруға жол ашады. Ал алдағы Парламент реформасы елдің әлеуетін арттырып, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге серпін бермек.

Қымбат Иманғали