Глубокое ауданында «Менің таңдауым - заң» атты байқау өтті. Шараға ауданның 27 мектебінен келген командалар қатысты. Оқушылар түрлі қойылым арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарастарын білдіріп, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтаудың маңызын көрсетті. Толығырақ тілші баяндайды.
Байқауда көрерменге ұсынылған қойылымдардың бірі - гаджетке тәуелділік. Қойылым желісі бойынша әлеуметтік желілер мен ұялы телефон басты кейіпкердің бар уақытын алады. Осы арқылы оқушылар замандастарына смартфонды шамадан тыс пайдаланудың салдары қандай болатынын жеткізді.
Мархаббат Кенчимбаева, №2 Белоусовка жалпы білім беретін мектебінің директоры:
Жалпы шараны ұйымдастыруға Көшбасшылар клубының өзі белсенді қатысты. Олар қандай ертегілер болуы керектігін ойластырды. Мысалы, бүгін бізде «Қыз Жібек әлеуметтік желіде» атты қойылым ұсынылды. Бұл – ұлттық ертегіні заманауи форматпен ұштастыру. Қойылым арқылы әлеуметтік желінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көрсетіп, балаларға ондағы дұрыс мінез-құлықты ертегі тілімен жеткізуді мақсат еттік.
Театрландырылған байқауда әр команда «Заң мен тәртіп» тақырыбын өзінше ашып, заманауи ертегілер, әлеуметтік оқиғалар ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар оқушыларға заң талаптарын жаттап, тәжірибе арқылы терең түсінуге мүмкіндік береді дейді.
Сәрсен Өтепов, Глубокое аудандық білім бөлімінің басшысы:
Өткен жылы ауданда Көшбасшылар клубының Бірлікте күш жобасы басталды. Қазіргі таңда балалардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгін байқаудың қорытынды кезеңі өтуде. Оған 15 команда қатысып, жалпы 200-ден астам бала қамтылды.
Оқушылар байқауға үлкен жауапкершілікпен дайындалған. Олар қойылым арқылы өз ойларын еркін жеткізіп, заң мен тәртіптің маңызын шығармашылық тұрғыда көрсетті.
Мария Вожжова, байқауға қатысушы:
Біз бұл қойылымға ұзақ уақыт дайындалдық. Барлық реквизитті өзіміз жасауға тырыстық. Дайындық барысында алған әсеріміз өте жақсы болды.
«Менің таңдауым - заң» байқауы оқушыларға заң мен тәртіптің маңызын шығармашылық арқылы көрсетуге мүмкіндік берді. Әр команда өз идеясын сахна тілімен ашып, көрерменге ой салды.
Бекарыс Секен