Бүгінде құқықтық мәдениет қалыптастыру – қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі. Қазір алаяқтық, лудомания, дропперлік сияқты заңбұзушылық түрлері белең алуда. Бұл мәселелер жастар арасында да жиі кездеседі. Осы бағытта өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Қазцинк» ЖШС жұмысшы жастарына арналған кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу диалог форматында өтті. Шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға өзекті мәселелер жөнінде ақпарат берді. Атап айтқанда, алаяқтықтың жаңа түрлері, лудоманияның салдары, сондай-ақ дропперлік арқылы қылмысқа еріксіз тартылу қаупі жан-жақты түсіндірілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты – жастарды қылмыстық әрекеттерден сақтандыру.
Темірлан Базылханов, Облыстық жастар ресурстық орталығының маманы:
Бүгін біз «Казцинк» ұжымының жұмысшы жастарымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында диалог алаңын өткізудеміз. Бұл бастама бойынша жұмыстар жастардың арасында оң нәтижесін беріп жатқанын байқаймыз. Сондықтан біз 2026 жылдың басынан бастап тек жұмысшы жастармен жұмыс жасаудамыз. Осы іс-шараға орай құзырлы органдардан өзінің мамандарын шақыртып, жастармен бірге диалог алаңын өткізетін боламыз.
Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысып, жастармен ашық пікір алмасты. Олар заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын айтып, әсіресе интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге сақ болуға шақырды. Оған қоса, буллинг пен құмар ойынға тәуелділіктің адам өміріне тигізер кері әсері де сөз болды.
Бекзат Серіков, ШҚО прокуратурасының прокуроры:
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Казцинк» ЖШС жұмысшы жастарымен кездесу өтті. Жиында қазіргі кезде өзекті болып отырған мәселелер түсіндірілді. Атап айтқанда, алаяқтық, буллинг, сондай-ақ жастар арасындағы лудомания мәселелері қозғалды. Кездесудің қатысушылар үшін маңызы зор.
Айдана Алпысова, «Қазцинк» ЖШС қызметкері:
Мен «Қазцинк» ЖШС-нің қызметкерімін. Бізді шараға арнайы шақырды. Кездесу барысында алаяқтық, лудомания, дропперлік сияқты кең таралып отырған мәселелер туралы ақпарат берілді. Бұл мәліметтер бүгінгі күні өте маңызды деп ойлаймын. Осындай пайдалы әрі ақпараттық кездесуге шақырғандарына қуаныштымын. Диалогтық форматта көптеген маңызды сұрақтар көтеріліп, толық жауап алдық.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Себебі, жастардың құқықтық сауатын арттыру – қылмыстың алдын алудың тиімді жолы.
Талант Тұрсынов