Патриотизмді ұранмен емес, нақты іспен дәлелдеу керек. Бұл ретте, «Таза Қазақстан» бастамасы жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдықтың айқын көрінісі. Елге адал қызмет ету әр азаматтың күнделікті еңбегі мен тәртібінен басталуы тиіс, - деп, Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтайда мәлімдеді. Сәтті жүзеге асырылып келге жатқан жобаны облыс жастары да қолдауда.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде жастардың ел келешегін қалыптастырудағы шешуші рөлін атап өтті. Ол жас ұрпақты қоғамдық мәдениетті жаңғыртып, креативті бағыттарды дамытуға қабілетті негізгі қозғаушы күш ретінде бағалады. Қазіргі таңда ұлттық бірегейлікті өнер арқылы дәріптеп, Қазақстанды әлемге танытып жүрген жастар -жасампаз отаншылдықтың нақты үлгісін көрсетіп жүр. Президент ұсынған бастамалар аймақтарда нақты жобалармен жүзеге асуда. Соның бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы. Волонтерлік қозғалыстар мен әлеуметтік бастамалар өңір жастарының белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін айқындайды.
Бақытжан Ерболқызы, Өскемен қ. Жастар ресурстық орталығының директоры:
Таза Қазақстан бастамасы бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатыр. Бұған жастардың қызығушылығы артып келе жатыр. Соның ішінде Өскемен қаласында былтыр біз 100 ге жуық сенбілік өткіздік. Бізде Қазақстан бойынша біздің қаламызда Таза ойындар экосенбілік өтті. Басқа сенбіліктен айырмашылығы, бұл жерде біз қоқыстарды сұрыптау мақсатында жастарға үйретеміз. Жастардың тарапынан өте үлкен қызығушылыққа ие болған акцияларлың бірі болды.
Өңір жастары да Мемлекет басшысының құрылтайда көтерген бастамаларын құп көреді. Олар қоғамдық өмірде белсенділік танытып, түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып жүргенін айтады.
Иә, ел жастары қоғамдық өмірге белсенді қатысып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, өз үлестерін қосуда. Экосенбілік акциялар арқылы жастар қоқысты сұрыптау, тазалық және тәртіп мәдениетін насихаттап, еліміздің әр аймағында өзгеріс жасауға үлес қосып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, патриотизм тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелденеді.
Бекарыс Секен