Өңірде құрылыс саласына бақылау күшейді. Өткен жылы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары жоспардан тыс тексерулердің санын арттырған. Тексеру барысында ондаған нысанда кемшіліктер анықталып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, айыппұл көлемі де алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір өскен. Мұның бәрі салада тәртіпті күшейтуге деген талаптың артқанын аңғартады.

Мемлекеттік бақылау тексерістері ең алдымен құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына, рұқсат құжаттарының заңдылығына және техникалық талаптардың сақталуына бағытталды. Алайда жүргізілген инспекциялық шаралар кейбір құрылыс нысандарында елеулі кемшіліктер бар екенін көрсетті. Заң талаптарын сақтамау салдарынан бірқатар компанияларға нұсқамалар беріліп, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Самат Қайырдинов, Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы өткен 25 жылдың есептік кезеңінде 240-тан астам жоспардан тыс тексерулер өткізілді. Тексеру нәтижесі бойынша 181 құқық бұзушылық туралы нұсқама берілді. Құрылыс монтаждау жұмыстарының басталуы туралы 545 хабарлама қабылданды және 1702 нысандарды пайдалануға қабылдау актлері қарастырылды.

Оған қоса, облыс орталығында жеке инвестиция есебінен салынатын көппәтерлі тұрғын үйлер тұрақты бақылауда. Қала аумағында салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің арасында проблемалық нысандар да бар. Кейбірінің құрылысы тоқтап, үлескерлер зардап шеккен. Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапқа тартылды.

Самат Қайырдинов, Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

Біздің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Өскемен қаласының аумағында 36 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы тұрғын үйлердің саны – 58. 2025 жыл ішінде басқарма тарапынан сегіз тұрғын үй кешені бойынша 8 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 8 құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар берілді.

Алдағы уақытта құрылыс саласында жүйелі өзгерістер күтілуде. Жаңа кодекс бақылауды күшейтіп, сапа талаптарын арттыруға және цифрлық тетіктерді енгізуге бағытталған. Бұл өзгерістер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саланың ашықтығын арттыруға жол ашады.

Талант Тұрсынов