Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде медиация институтының дамуына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Шараны Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының 15 жылдығына орай бизнес және құқық жоғары мектебі мен құқықтану кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды.
Басқосуға өңір судьялары, заң саласының мамандары, ғалымдар мен студенттер қатысты. Мұндағы мақсат – елімізде медиация туралы заңның жүзеге асу барысын саралап, оның болашақтағы даму бағыттарын айқындау. Дөңгелек үстел онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Медиация – сотқа дейінгі және соттан тыс дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетігі ретінде кеңінен талқыланды.
Ләйлә Садуақасова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ құқықтану кафедрасының меңгерушісі:
Бұл дөңгелек үстелде құқықтану мамандығының студенттері де қатысып отыр. Себебі, құқықтану мамандығының студенттеріне бізде медиацияны құқықтық реттеу пәні жүргізілдеді. Сол пән бойынша олар жалпы медиация бойынша түсініктері бар. Бірақ, қазір міне құқық қорғау органдарында қызмет жасап жатқан тәжірибедегі мамандар мен бірлесіп, талқылауға олар да қатысады.
Шара аясында қатысушылар заңды жетілдіру, медиаторлардың кәсіби деңгейін арттыру және халықтың құқықтық сауатын көтеру мәселелерін ортаға салды. Қазіргі таңда медиация дауларды шешудің тиімді әрі уақытты үнемдейтін тәсілі ретінде кеңінен қолданылып келеді. Бұл бастама сот жүйесіне түсетін салмақты азайтып, қоғамдағы келісімді нығайтуға мүмкіндік береді.
Марианна Дячук, «Ұлттық медиаторлар палатасының» РҚБ ШҚО бойынша өкілдігінің директоры:
2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» заң қабылданып, бүгінде оның қолданыста болғанына 15 жыл толып отыр. Бұл жиында заңнамаға жасалған өзгерістерге талдау қарастырылады. Шараға Беларусь Республикасынан, Ресей Федерациясынан қатысатын сарапшылар бар. Медиация – қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтудың маңызды құралы. Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер бар. Алдағы уақытта халық арасында медиация мәдениетін қалыптастыру басты міндетіміз.
Мамандардың айтуынша, медиация негіздерін ерте меңгерген студенттер кәсіби қызметте келісімге келу, даулы жағдайларды ушықтырмай шешу дағдыларын тиімді қолдана алады. Мұндай кездесулер медиация институтын дамытуға серпін беріп, заңның тиімді жүзеге асуына ықпал етпек.
Фатима Тілейханқызы