Өскеменде жастар арасында хоккейден турнир басталды. Турнирге 2008–2014 жылы дүниеге келген спортшылардан құралған сегіз команда қатысып жатыр. Спорттық шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және жас дарындарды қолдау.
Турнирге «Торнадо», «Локомотив», «Титан», «Устинка», «Ульбинка», «Кедр» және «КШТ» командалары қатысуда. Мұз айдынына облыс орталығындағы он жалпы білім беретін мектептің 13 пен18 жас аралығындағы оқушылары шықты. «Қысқы спорт-фесттің» салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар қатысып, ойыншыларға сәттілік пен тартысты ойын тіледі.
Жақсылық Омар, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Осындай турнирлердің ұйымдастырылуы және өтуі біздің жас спортшыларға үлкен қанат бітіреді. Сондықтан да осыған мұрындық болған барша ұйымдастырушыларға үлкен алғыс білдіреміз.
Трибуна көрерменге лық толды. Сүйікті командаларын қолдауға және жақындарына жанкүйер болуға шамамен 6000-ға жуық адам жиналды. Бапкерлердің айтуынша, олардың қолдауы жас хоккейшілерге үлкен серпін беріп, өздеріне деген сенімді арттырады.
Андрей Рюмин, «Ульбинка» ХҚ жаттықтырушысы:
Әр команданың жеңіске деген жігері жоғары деп ойлаймын. Барлығына жеңіс тілеймін. Балаларға ойынға бар күштерін салып, жоғары деңгейде ойнауды тапсырдым. Жақсы нәтиже көрсетіп, лайықты орын алсын. Балалардың еңбегі ақталуы керек.
Турнир облыстық әкімдік пен прокуратураның қолдауымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Спорттық шараның мақсаты — жастарды салауатты өмір салтына баулу арқылы патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, сондай-ақ бірлік пен ұйымшылдықты нығайту.
Жансая Қадырова, ШҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры:
Бүгін облыстық прокуратураның бастамасымен, әкімдіктің қолдауымен және демеушілердің белсенді қатысуымен «Қысқы спорт-фест» аясында хоккей турнирін өткізіп отырмыз. Бұл шара “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын іске асырудың жалғасы. Мақсат — жастарды спортқа тарта отырып, олардың бойында патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, бірлік пен ынтымақты нығайту. Фестивальдің алғашқы кезеңі шаңғы жарыстарынан басталды, ол жастар тарапынан кең қолдауға ие болды.
Спорттық сайыс 30 қаңтарға дейін жалғасады. Турнир мақсатшыл жастар мен хоккей жанкүйерлерін біріктіретін жарқын спорт мерекесіне айналмақ.
Талант Тұрсынов