Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін түзетулердің жинақталған жобасын Комиссия мүшелеріне Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов таныстырды, деп хабарлайды. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі. Құжатта азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен барлық ұсыныстар ескеріліп, жан-жақты пысықталып жазылған. Жаңартылған Конституция Кіріспеден, 11 бөлімнен және 104 баптан тұрады. «Халықтық кеңес» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізіліп, тағы төрт бөлімнің атауы өзгертілген. Өзгерістер 77 бапты қамтыды, бұл негізгі заң мәтінінің 84 пайызын құрайды. Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғау, адамның жеке басына қол сұқпаушылық, сот билігінің тәуелсіздігі, сондай-ақ неке мен отбасы құндылықтарына және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нормалар күшейтілді. Адвокатураның құқықтық мәртебесі жеке баппен бекітілді. Сонымен қатар Президентке қатысты ережелер де тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралып, оның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, кадрлық шешімдері және құқық шығармашылық өкілеттіктері нақтыланды.

Ұлттық құрылтайдың мүшесі Ольга Кузовлева Құрылтай отырысында Президент жариялаған конституциялық реформаның негізгі бастамаларын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер өңірлерден түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленуде. Сонымен қатар елдің, саяси жүйенің және билік институттарының дамуының жаңа кезеңін айқындайтын болады.

Ольга Кузовлева, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Комиссия құрылды, біздің облыстан оған екі адам енді. Олар — облыстық мәслихаттың төрағасы Денис Рыпаков және Қоғамдық кеңестің төрайымы Аяужан Әшімова. Осы екі лауазымның өзі-ақ конституциялық реформаның жергілікті жерлерден түскен ұсыныстарды ескеретінін және қазірдің өзінде ескеріп отырғанын көрсетеді. Президент Құрылтайда бұл туралы нақты айтты: Конституцияны өзгерту қажет, өйткені 1995 жылғы Конституция Қазақстан мемлекет ретінде енді ғана қалыптасып жатқан кезеңде қабылданған еді. Ал бүгінде біз тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына қадам басып отырмыз, сондықтан қазіргі таңда Қазақстан үшін Негізгі заңды жаңарту аса маңызды. Президент бұл жөнінде ашық айтып, Преамбуланы да, негізгі баптарды да өзгерту қажеттігін атап өтті. Саяси құрылым да өзгереді: жаңа вице-президент лауазымы енгізіледі, Парламенттің құрылымы қайта қаралып, ол бір палаталы болады.

Салтанат Кеңесбекқызы