Жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру бүгінгі күні негізгі мақсаттың бірі. Бұл орайда Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде өткен «Әділеттің ақ жолы» шарасы осының дәлелі. Аудандық прокуратура мен жергілікті билік өкілдері ұйымдастырған байқауға 9-11 сынып оқушылары қатысып, бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін көрініс арқылы жеткізді.
«Әділеттің ақ жолы» аудандық қойылым байқауға әр мектептен келген 6 команда қатысты. Ұйымдастырушылардың талабы бойынша ең алдымен командалар өздерін таныстырып, аудандық прокуратура тарапынан дайындалған құқықтық сұрақтарға жауап берді. Заң саласындағы білімдерін ортаға салды. Бұдан бөлек әрқайсысы өздеріне берілген тақырып бойынша қоғамның өзекті мәселелерін сахналық қойылым арқылы жеткізді.
Ақерке Мұратқызы, 11 сынып оқушысы:
Бұл іс шара үш кезеңнен тұрды. Бірінші ол таныстыру кейін виктарина және де спекткаль қойылым қойған болатынбыз. Бізге берілген тақырып лудомания болды. Осындай образбен таныстыру өткіздік. Виктарина сұрақтары өте қызықты болды. Өзімізге көп ақпарат алдық. Көрініс арқылы лудоманияның түбі жақсылыққа апармайтынын. Себебі сен барыңнан айырылатындығың, отбасыңнан, әйелің мен қызыңның махаббатынан, барың мен нарыңды осындай уақытша ләззат үшін жоғалтып, соңында өкінішпен қалатындығыңды жеткізе білдік деп ойлаймын.
Мұндай шаралар оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар заң алдындағы жастардың жауапкершілігін нығайта түседі.
Мұхамеджан Оразбаев, Ұлан ауданының прокуроры:
Іс шараның негізгі мақсаты жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ заңға бағыну әдетін қалыптастыру. Оқушылардың сайысқа деген дайындығы өте жоғары екені көрініп тұр. Екінші кезеңде біздермен арнайы дайындалған сұрақ-жауап болды. Олар заңды білетіндіктерін заңға бас иетіндіктерін өздерін білікті оқушы ретінде көрсетіп, сұраққа толыққанды жауап беріп жатыр.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: ««Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі», - деп атап өткен болатын. Расында да заңның басты мақсаты - қоғамдық қатынастарды реттеу, адам құқықтарын қорғау және әділеттілікті орнату.
Ринат Джаманбаев, Ұлан аудандық білім бөлімінің басшысы:
Қазіргі кезде өздеріңіз білесіздер биылғы жылы Президентіміз заң және тәртіп қағидасын алып отыр. Осы тақырыпта бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз. Енді мен ойлаймын ауданымыздың балалары шарадан жақсы әсер алып, болашақта үлгілі заңға бағынатын еліміздің жеріміздің дамуына өз үлестерін қосатын азаматтар болашақта осы ауданымыздан шығады деп кәміл сенімдеміз.
Байқау соңында қорытынды есеп бойынша Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектебінің «Game over» командасы 1 орын, Михаил Ломоносов атындағы орта мектептің «Тұмар» командасы 2 орынды, Қасым Қайсенов кенті мектебінің «Сенім» командасы 3 орынды иеленді. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлық табыс етілді.
Салтанат Кеңесбекқызы