Өскеменде өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Жиында жалпыұлттық пулға енуі мүмкін жобалар қаралды. Отырыс барысында туризм, энергетика және өнеркәсіп салалары бойынша жеті жоба талқыланды.

Өңірлік инвестициялық штаб – инвестиция тарту саласында стратегиялық шешімдер қабылдайтын алаң. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ШҚО тартылған инвестициялар көлемі жағынан үшінші орынды иеленді. Аймақ басшысының бірінші орынбасары Жақсылық Омар нәтиже жаман емес, дегенмен жұмысты жалғастыру керек екендігін атап өтті.

Жақсылық Омар, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:

Егер 2024 жылмен салыстырсақ инвестицияның көлемі едәуір артқан. Бір ғана мысал егер 2024 жылы 572 млн. доллар болған болса, шетел инвестициясының көлемі 25 жылғы біздің қорытындымыз бұл бір млрд. алты жүз млн. долар құрады. Яғни, 25 жыл мен 24 жылды салыстырсақ 25 жылы біз үш есеге артық инвестицияның көлемін. Бұл жақсы нәтиже. Бірақ, біз ары қарай жұмысты жалғастыруымыз керек. Жалпы инвестицияның көлемі де артты.

Мұндай жиын айына екі рет өткізіледі. Оның бірі облыс әкімі мен облыс прокурорының төрағалығымен, екіншісі олардың орынбасарларының қатысуымен ұйымдастырылады. Жобалар қала және аудан әкімдіктері, сондай-ақ салалық басқармалар тарапынан ұсыныс ретінде енгізіледі. Нәтижесінде бастаманың өңірлік инвестициялық пулға ену-енбеуі немесе жалпыұлттық деңгейге шығарылуы жөнінде шешім қабылданады.

Ирина Смит, Облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

Жалпыұлттық пулл нені қамтамасыз етеді? Ол инвесторларға біріздендірілген қызмет көрсету жүйесі аясында барынша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Яғни, жер учаскелерін бөлуге, жобаны іске асыру тәртібін нақтылауға және осыған байланысты көрсетілетін барлық қызметтерге қатысты мәселелер заңнамада белгіленген мерзімдер ішінде қаралады. Әкімшілік кедергілер толықтай жойылып, барлық үдеріс прокуратураның қатаң бақылауында жүзеге асады.

Отырыста туризм, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы жеті инвестициялық бастама алдын ала қаралды. Алдағы уақытта инвесторлардың сенімділігі бағаланып, жер мәселелері пысықталады. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша бастамаларды жалпыұлттық инвестициялық пулға енгізу жөнінде шешім қабылданады.

Талант Тұрсынов