Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы елдің дамуына серпін беретін атқарылуы тиіс міндеттерді айқындап берді. Әр сала жаңа технологиялар мүмкіндігін пайдаланып, тың идеяларды жүзеге асыру бағытында барынша табысты жұмыс атқаруы тиіс. Бұл ретте жастардың алар орны бөлек. Ұлттық құрылтайда Президент - «Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз – деді.
Құрылтай барысында көтерілген жастар саясаты, білім мен тәрбие, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру жайы сөз болды. Мемлекет басшысы жастардың әлеуетін ашуға, олардың қоғамдағы белсенді рөлін күшейтуге нақты тапсырма берді. Ұлттық құрылтайда айтылған әр ой – елдің дамуына жасалған маңызды қадам.
Меруерт Жайжатырова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Әлеуметтік, жастар саясаты және инклюзивті даму департаментінің директоры:
Жастар саясаты бойынша бағыттар аталып кетті. Қазіргі таңда біздің жастар көптеген белестерге жетуде. Соның ішінде Президентіміз атап өткендей цифрландыру жне жасанды интеллект бойынша біздің университетте жастар көптеген жетістікке жетіп жатыр. Көптеген жобалар, көптеген стартаптар жасалуда. Қазіргі таңда Қазақстанда жүргізіліп жатқан 4 бағыт бар. Олар «Таза Қазақстан» акциясы. Мұнда біздің студенттер көптеген волонтерлік, саяси, мәдени, акцияларына қатысып жатады. «Заң мен тәртіп» қағидаты. Заң мен тәртіп аясында біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп, студенттерге көптеген кездесулер, диалогтар, ашық алаңдар ұйымдастырудамыз. Сондықтан осы біздің жалпы заң мен тәртіп, адал азамат, толық адам, Таза Қазақстан идеологиясы бойынша жастармен барынша жұмыс жасалуда. Жастар біздің болашағымыз.
Салтанат Кеңесбекқызы