Елдегі агроөнеркәсіптік кешен – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, экспорттық әлеуеті жоғары экономиканың негізгі салаларының бірі. Мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі – өнім көлемі мен еңбек өнімділігін арттыру. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтың агроөнеркәсіптік кешені тұрақты өсімді көрсетті. Саладағы жалпы өнім көлемі 554,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Әсіресе, мал шаруашылығы саласында айтарлықтай өсім байқалады.

Облыста сүт өңдеумен айналысатын он үш кәсіпорын бар. Олардың жылдық қуаты – 206 мың тонна. Тәулігіне 550 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Алтай ауданында «Мойылды-Байқоңыр» серіктестігінің жаңа сүт-тауарлы фермасы іске қосылды. Бір мезетте мыңнан астам ірі қара мал ұстауға арналған кешен өңірдегі сүт өндірісін арттырып, өнеркәсіптік мал шаруашылығының дамуына жол ашпақ.

Ажар Каджибекова, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Жалпы, ШҚО республика бойынша шикі сүт өндіруден бесінші орында тұр. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Түркістан облысы бірінші орында, Солтүстік Қазақстан – 2 орын, Абай облысы -3орын, Алматы облысы- 4 орын. Біз енді бесінші орында болдық.

Соңғы жылдары шығыс өңірі республикалық бағдарламаларға белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, 2024–2025 жылдар аралығында 8 сүт-тауарлы ферманың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлінді. Сонымен қатар, смарт-фермалар мен ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытындағы заманауи технологиялар енгізілуде. Былтыр егіс алқаптарына 61 мың тонна тыңайтқыш сатып алынған. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында биыл егістіктің 20 пайызы элиталық тұқыммен егілді. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп бастағысы келетіндер үшін үлкен мүмкіндік бар.

Айгүл Қасымова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалының директоры:

Қазіргі таңда «Даму» қоры 2025 жылы жүргізілген трансформациядан кейін банктер мен «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымдары арқылы берілетін несиелерге 85 пайызға дейін кепілдік ұсынады.Бүгінгі күнге дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт жасалған жоқ. Алайда, ережелерге енгізілген өзгерістерден кейін бұл келісім міндетті түрде қаралып, жасалатын болады. Ал, екінші деңгейлі банктермен және Аграрлық несие корпорациясымен тиісті келісімдер қазірдің өзінде бар. Осыған сәйкес, аталған бағдарламалар бойынша қарыз алушылар 85 пайызға дейінгі кепілдікпен несие ала алады. Қалған 15 пайызы немесе одан да жоғары бөлігі қарыз алушының өз мүмкіндігіне байланысты қамтамасыз етіледі. Қарыз алушы банк немесе Аграрлық несие корпорациясының талабына сай жеке мүлкін кепілге қоя алады. Аталған кепілдік ақылы, яғни жылдық 1,5 пайыздық комиссия қарастырылған. Сонымен қатар, негізгі қарыз қалдығына байланысты кепілдік сомасы жыл сайын қайта ұзартылып отырады.

Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы 187 жобаға 2,5 млрд. теңге бөлініп, 362 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бағдарламаға 3 млрд. теңге қарастырылып, туризмді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, техника сатып алуға және мал шаруашылығын өркендетуге бағытталуда.

Мирас Қалиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚОФ директорының орынбасары:

Аталған бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Қаржыландыру мерзімі – келесі жылдың наурыз айына дейін. Өткен жылы осы бағдарлама арқылы 11 миллиард теңгеден астам қаржы игеріліп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне бағытталды. Биыл да бұл бағыттағы қаржыландыру жалғасады. Бағдарлама тек егін шаруашылығымен айналысатын шаруаларға ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындарға да қолжетімді. Яғни, олар болашақ өнім есебінен шикізат сатып алу үшін жеңілдетілген несие ала алады. Бұл қаржыландыру тетігі жыл сайын тұрақты түрде жүзеге асырылады.

Бағдарлама аясында шаруалардың ұсыныстары да ескеріліп отыр. Соның нәтижесінде мал, марал шаруашылығын көбейту, омарташылықты дамыту бағыттары енгізілді.

Фатима Тілейханқызы