Аймақтағы қысқы демалыс орындарының бірі Шалқар көлінде мұз үстіндегі шоу өтті. Мерекелік жиынға 500-ге жуық адам жиналып, түрлі ойын-сауық бағдарламаны тамашалады.
Биыл Сібе көлдеріндегі қысқы маусымның кеш басталуына ауа райының қолайсыздығы себеп болды. Қаңтар айында мұздың қалыңдығы қауіпсіздік талаптарына сай келмеген. Алайда соңғы аптадағы қатты аяздан кейін көл бетінде мұз қалыңдаған. Яғни, қауіпсіздік талаптарына толық сай. Сақтық шараларын ескере отырып, Шалқар көлінде мұз үстіндегі мерекелік шоу өтті. Шараның мақсаты-қысқы белсенді демалысты насихаттап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру.
Лязиза Кенжетаева, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:
Жылдан жылға осы табиғи мұз айдынына келетін демалушылардың саны көбейіп келеді. Бүгінгі біздің керемет мұз айдыны шоу шарамызға қазір міне бес жүз адамдай жиналып демалып жатыр.
Соңғы бес жылда Шалқар көліне келетін туристтер саны артқан. Бүгін де мұнда тек өңір тұрғындары ғана емес, әр аймақтан, тіпті шетелден келген қонақтар да жиі аялдайды.
Облыста туризм қарқынды дамып келеді, ал Шалқар көлі соның айқын дәлелі. Алдағы уақытта да бұл аймақ қысқы туризмнің орталығына айналары сөзсіз.
Бекарыс Секен