Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі өткен жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында парламенттік реформаны қолға алу туралы бастамасынан бастау алды. Кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, халықтан түскен екі мыңнан астам ұсыныс зерделенді. Осы тақырыпта облыс орталығында «Конституциялық реформалар және адам құқықтары» атты ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Шараға оқытушылар, студенттер және сала мамандары қатысты. Кездесудің мақсаты — конституцияға енген өзгерістер аясында адам құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктерін түсіндіру.

Ұлттық құрылтайда Президент жаңа саяси институттар — Қазақстан халық кеңесі мен Вице-президент қызметін енгізу туралы бастама көтерді. Ата заңның көптеген баптарын қайта қарап, стильдік және мазмұндық тұрғыда жетілдіру қажеттігін атап өтті. Осыдан кейін құрамына 130 сарапшы енген Конституциялық комиссия құрылып, алты отырыс өткізді. Нәтижесінде, Конституция мәтінінің 84 пайызы жаңартылып, ел тарихындағы үшінші Конституцияның жобасы әзірленді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен бұл кездесу конституциялық реформалардың мәнін терең түсінуге мүмкіндік берді. Жиын барысында «Құқықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байркенова конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызына тоқталды.

Гүлмира Байркенова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын кеңейтті деп айтуға болады. Оның гарантияларын, тетіктерін де кеңейтті. Мысалы, құқық қорғау органдарымен қақтығысқа түскен немесе оның назарына түскен адамдардың құқықтарын қорғайды. Ол ең біріншіден, сіздің адвокатқа құқығыңыз бар. Телефон шалуға, өзіңізге қарсы ештеңе айтқызбауға құқығыңыз бар. Жауап беруден бас тарту да бар. Бұл арқылы қарапайым азаматтардың құқытары кеңейді деп айтуға болады.

Жаңа Конституция жобасы 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Құжатта елдің тарихи тамыры, «Әділетті Қазақстан» идеясы, заң үстемдігі қағидаты, қоршаған ортаны қорғау мәселелері кеңінен қамтылған. Оқытушылардың айтуынша, негізгі заңда азаматтардың білім алуға, мәдениет пен өнерге қол жеткізу құқықтарының нақты айқындалуы — маңызды қадам. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі буллинг, жеке мәліметтердің заңсыз таралуы сынды өзекті мәселелерді Конституция деңгейінде қарастыру адам құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Жаннета Қалимолдина, С.Аманжолов атындағы ШҚУ тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры:

Білім алуға, мәдениетке, өнер мен ғылымға қажетті адам үшін құндылықтардың, соынмен қатар оның құқықтық деңгейде қалай жүзеге асатынын конститутцияда нақты айтылған. Бұның өзі маңызды өзгерістердің бірі деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі таңда тағы бір тоқтала кететін дүние – әлеуметтік желілер. Қазір кез-келген адамның өмірінде әлеуметтік желі басты рөл атқарады. Қазір көбі кітаптан гөрі, әлеуметтік желіге көп жүгінеді. Осы жерде әлеуметтік желіде қорқыту, үркіту, адам құқығына нұқсан келтіру, адам құқығына рұқсатынсыз ол туралы ақпаратты жариялау мәселесі Конститутция деңгейінде қаралуы өте дұрыс деймін. Өйткені, буллинг, адамның жекесіне өту мәселесі қазіргі таңда өте өзекті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты түрде өткізілмек.

Фатима Тілейханқызы