Аймақта билік пен кәсіпкерлердің тұрақты диалогын жолға қою үшін құрылған Өңірлік іскерлік кеңестің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. Жиында алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Өңірдегі басым бағыттар, қолдау тетіктері, кадр мәселесі және салалық міндеттер күн тәртібіне шықты.

Өңірлерді дамыту – нақты бағдарлары бар ұзақмерзімді стратегия. Дәл осындай тәсіл аймақтың іскерлік кеңесінде ұсынылды. 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы – өңірдің даму бағытын айқын әрі шынайы көрсететін алғашқы бірыңғай құжат. Айта кетейік, ШҚО Өңірлік іскерлік кеңесі өткен жылдың жазында облыс әкімі жанынан кеңесші-алқалы орган ретінде құрылған. Оның басты мақсаты – мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер қауымдастығы арасында тұрақты әрі жүйелі байланыс орнату.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз облыстық активпен кездесу кезінде, маслихат сессиясында Конституцияға еңгізілетін жаңа жоба бойынша отырыс өткіздік. Барлығы бір ауыздан қолдап отыр. Қосымша біздің облыстан екі кісі арнайы комиссия құрамында Астана қ жұмыс істеп жатыр. Комиссия жұмысы әрмен қарай жалғасады. Қоғамдық ұйымдардан түсіп жатқан жаңа ұсыныс, сұрақтар қарастырылады.

Стратегияны іске асыру үшін арнайы орталық құрылып, нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар көрсетілген егжей-тегжейлі жол картасы әзірленеді. Онда болашақтың стратегиялық бағыттары – логистика, газдандыру, туризм және жаңа буын индустриялары айқындалады. Бұл көлік дәліздерін дамыту, туристік кластерлерді қалыптастыру және үш жүйелі жобаны іске қосу: сирек кездесетін металдар кластері, аккумуляторлық кластер және ұлттық ядролық отын кластері. Мамандардың айтуынша, құжатта инфрақұрылымға арналған ауқымды бөлім болады. Онда тұрғын үй құрылысы, жылу және энергиямен қамту, жолдар мен көпірлер, сондай-ақ әлеуметтік және спорттық-мәдени нысандарды дамыту мәселелері қамтылады.

Мұхит Әмірбеков, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі:

Біз 9 негізгі стратегиялық бағытқа назар аударуымыз керек. Қазір мен назар аудартқым келетіні слайдтарға емес, Өскеменнің хаб-қалаға айналуына баса мән беруіміз қажет. Біз кемінде 500 мың халқы бар қаланы қалыптастыру туралы айтып отырмыз. Бүгінгі таңда халық саны шамамен 380 мың адам. Бұл тек инвестиция тартуға және адами капиталды нығайтуға ғана емес, стратегияның өзі де осы мақсаттарға негізделіп құрылатын болады. Сонымен қатар, біз Зайсан қаласына ерекше назар аударамыз. Ол шекара маңындағы саясаттың тірек нүктесіне айналуы тиіс және болашақта халқының саны екі есеге артады деген перспектива бар.

Стратегияның экономикалық негізі тау-кен металлургия кешенін жаңғыртуды, агроөнеркәсіптік секторды, өңдеуші өнеркәсіпті және құрылыс саласын дамытуды қамтиды. Шикізатты терең өңдеуге, экологиялық жүктемені азайтуға және қосылған құнды өңір ішінде арттыруға басымдық беріледі. Агроөнеркәсіптік кешенде дамудың интенсивті моделіне көшу көзделген. Бұл сүт өндірісін ұлғайту, мал шаруашылығын дамыту және экспорттық бағыттарды кеңейту, соның ішінде аквакультура, ара шаруашылығы мен марал шаруашылығын дамыту, сондай-ақ мықты өңірлік брендтерді қалыптастыруды қамтиды.

Сая Жарасқызы