Өңірде жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Аймақты жылумен қамтамасыз ету үшін үш жылу электр орталығы мен 34 орталықтандырылған қазандық жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер толықтай жылу жүйелеріне қосылған.
Жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін тәулік бойы бақылау жүргізілуде. Бүгінде 513 білім беру нысаны, 314 денсаулық сақтау мекемесі, 12 әлеуметтік қорғау ұйымы және 3 085 көпқабатты тұрғын үй жылыту жүйесіне қосылған. Ал, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін облыс бойынша 80 апаттық бригада жасақталған. Олардың құрамында 270-тен астам маман және жүзден аса арнайы техника бар. Бұдан бөлек, көмір бағасы да тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда қатты отынның құны 17 мың мен 27 мың теңге аралығында. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тиісті мемлекеттік органдар мен тасымалдаушы компаниялар бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Рауан Тұрысбек, Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Өңірдегі барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер уақытылы жылуға қосылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 5,3 пайызға төмендеді. Бұл жылумен қамту жұмыстарына тікелей әсер етеді. Қазігі таңда келесі жылыту маусымына дайындық жоспарын жасап жатырмыз. Сонымен қатар, көмір жеткізу процесін автоматтандыру, цифрландыру бағытында жұмыстар қолға алынды.
Бұдан бөлек, күзгі-қысқы кезеңге қажетті көмір қоры үш миллион тоннадан асады. Қазіргі таңда өңір тұрғындары мен бюджеттік ұйымдар отынмен толық қамтамасыз етілген. Жылу электр орталықтары мен қазандық қоймаларында көмірдің нормативтік көлемі жеткілікті. Сонымен қатар, отын бағасы тұрақты бақылауда. Жылу желілерін жаңғырту және жылу көздерін жөндеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Алдағы жылыту маусымына 37 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған.
Фатима Тілейханқызы