Биыл аймақ тәртіп сақшыларының айбынын асырып, абыройын тасытқан полиция департаменті хорының құрылғанына тура 15 жыл. Өнерлі ұжымның мерейтойына арналған салтанатты шара облыстық драма және оперетта театрында өтті. Сала мамандары тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір мәдениетіне өз үлестерін қосып келеді. Рет – ретімн Аяулым Усинова тарқатады.
15 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының қолдауымен, шығармашылыққа жақын қызметкерлердің ұйымдастыруымен өнер ұжымы құрылды. Осылайша бүгінде полиция қызметкерлері тек қоғамдық тәртіпті ғана емес, елдің мәдениетін де биікке көтеріп келеді. Бүгінде бұл ұжым өңірдің ғана емес, республикалық деңгейдегі мәдени шараларда да табысты өнер көрсетіп келеді.
2010 жылы құрылған бұл бірегей ұжымның құрамында қатардағы сақшыдан бастап, тәжірибелі офицерлерге дейін бар. Олар қылмыспен күресіп қана қоймай, әнмен елдің рухын көтеріп келеді.
Салтанатты шарада өнерлі полиция қызметкерлері жаңа қырынан танылды. Сахна төріне шыққан олар өз саласының маманы ғана емес, өнер майталмандары екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. 15 жылдық тарихы бар хор ұжымының әрбір мүшесі өз ісінің шебері.
Ерлан Омарбеков, ШҚО ПД бастығы:
Бүгін біздің департамент үшін ерекше шығармашылыққа толы күн десек болады. 15 жыл аз уақыт емес. Қысқа уақыт аралығында хор ұжымы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Әрине, олардың негізгі қызметі азаматтарды қорғау болғанымен де, бос уақыттарында өнердің биік шыңдарын бағындырып, рухани тереңдікті серік етіп келеді. 15 жыл ішінде хор ұжымы түрлі сахналарда өнер көрсетіп, департаменттің мәртебесін асқақтатты. Бұл мерейтой — тек өткенге есеп беру емес, жаңа шығармашылық белестердің бастауы.
Өнер ұжымының мүшесі, ішкі істер органдарында 21 жыл бойы табанды еңбек етіп келе жатқан Перизат Мақажанованың орны ерекше. Ол өзінің саналы ғұмырының 15 жылын осы хор ұжымына арнаған. Қызмет пен өнерді қатар алып жүрудің озық үлгісін көрсетіп келеді.
Перизат Мақажанова, ҚР ІІМ ШҚО және Абай облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының аға инспекторы:
Осы 15 жылда әр түрлі конкурстарға қатысып, әр түрлі жүлделерге ие болып, көп марапаттарға ие болдық. Енді бүгін 15 жылдығы, өте ұзақ дайындалдық. Дайындығымыз жоғары дәрежеде өтеді деп сенемін.
Шара соңында хор мүшелері мен қызметкерлерге «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерейтойлық төсбелгілері мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Аяулым Усинова