А.С Пушкин атындағы облыстық кітапханада өткен ғасырларға тиесілі сирек басылымдарды цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Мәдени әрі тарихи құндылығы жоғары бұл басылымдар енді электронды форматта сақталып, көпшілікке қолжетімді болмақ.

Ұзақ жылдар бойы арнайы қорларда сақталып, тек санаулы зерттеушілердің қолы жеткен көне газеттер мен журналдар бүгінде жаңа форматта қайта жаңғыруда. Кітапхана қорындағы бірегей басылымдар арнайы сканерлер арқылы цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Әр бет мұқият өңделіп, түпнұсқаның бүлінбеуі қатаң бақылауда. Озық технологиялар тарихи мұраны сақтап қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа қолжетімді етуді көздейді. Қордағы басылымдар бір ғана нұсқада сақталғандықтан, оларды цифрлау аса жоғары дәлдік пен ұқыптылықты талап етеді дейді, сала мамандары.

Сергей Синельников, техникалық қолдау маманы:

Бұл сканеркеңселік құрылғылардан өзгеше. Құжатты әйнекпен қыспайды. Парақ беттері қашықтықтан сканерленеді. Осылайша қағаз бүлінбейді. Сонымен қатар жоғары айқынды форматта әрбір әріп пен сурет анық көрінеді.

Уақыт өткен сайын тіпті ең ұқыпты сақталған басылымдардың өзі тозуы мүмкін. Қағаз сарғайып, мәтін өше бастайды. Сондықтан оларды сақтау – мәдени мұраны қорғаудың маңызды бөлігі.

Жанна Тұрсынбекова, өлкетану секторының жетекшісі:

Кез келген басылым уақыт өте келе тозады. Аймақтық, өлкетанулық маңызы бар сирек қорды сақтау үшін біз оларды толық цифрлауға тырысып жатырмыз. Болашақта бұл материалдар электронды кітапханада қолжетімді болады.

Цифрлау барысында тек сканерлеу ғана емес, мәтінді қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілуде. Мамандар зақымдалған беттерді өңдеп, оқуға ыңғайлы күйге келтіруде. Бұдан соң журнал немесе газет толық электронды жинақ ретінде сақталатын болады.

Алена Каирканова, құжаттарды цифрландыру секторының жетекшісі:

Күніне шамамен 600–800 бет өңделеді. Алдымен сканерлейміз, кейін әр бетті редакциялап, қажет болса қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін біз кітапхана сайтына саламыз.

Сирек қорды цифрлау – өткенді сақтау ғана емес, тарихты бүгінмен жалғау. Енді құнды басылымдар тек арнайы қорда емес, электронды форматта көпшілікке қолжетімді. Бұл – ұлттық мұраны болашаққа жеткізудің нақты қадамы.

Нұртас Қайролдаев