Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен заң мен тәртіпке байланысты. Заңды құрметтеу, ережелерді сақтау және азаматтық жауапкершілікті сезіну — бейбіт әрі қауіпсіз өмірдің басты кепілі. Сондықтан, бүгінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән беріліп келеді. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында заңға бағыну және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түрлі кездесулер мен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мұндай шаралар жасөспірімдердің санасында заңға деген құрметті қалыптастырып, жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған.
Фатима Тілейханқызы, тілші:
Біз дәл қазір №41-ші келешек мектебіндеміз. Мұнда оқушыларға арналған түрлі мәдени, ақпараттық шаралар жиі ұйымдастырылады. Соның бірі бүгін заң аясында өткізілді. Мектепке арнайы мамандар келіп, оқушыларға буллинг, кибербуллинг, интернет алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндірді.
Диалог бағытында ұйымдастырылған алаңға құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру саласының мамандары мен оқушылар қатысты. Мамандар жасөспірімдермен еркін форматта пікір алмасты. Кездесудің мақсаты — оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға деген жауапкершілігін қалыптастыру.
Әділ Төлегенов, ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі:
Қазіргі кезде лудомания, дропперство деген сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтар кең тараған. Осыған байланысты біздің департамент көптеген жұмыстар жүргізіп жатыр. Ең бастысы алдын алу. Көптеген сайттар қазіргі таңда бұғатталып жатыр онлайн казиноларды жарнамалайтын. Қаржы пирамидасына байланысты көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алып жатырмыз. Былтыр бірнеше қылмыстық іс сотқа жіберіліп, со үкімі шықты. Қылмыс жасаған тұлғалар жауапкершілікке тартылған болатын.
Мамандардың айтуынша, оқушыларға заң талаптарын түсіндіріп қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Кәусар Тәліпжан, мектеп оқушысы:
Оқушылар үшін заңды білу бұл – қоғамда өз орнын табу үшін, өзінің құқығын қорғау, қауіпсіздікті сақтау үшін қажет деп ойлаймын. Менің ойымша, осы заңды білу арқылы әр оқушы өзін қай жерде болмасын жайлы сезінеді.
Әмір Ринатұлы, мектеп оқушысы:
Менің ойымша, мұндай шаралар балаларға өте пайдалы. Себебі, осындай шара арқылы олардың сана-сезімдері оянады.
Кездесу барысында оқушылар түрлі өмірлік жағдайларға байланысты сұрақтарын қойып, нақты кеңестер алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жасөспірімдердің заңға деген құрметін арттырып, қоғамдағы белсенділігін күшейтуге септігін тигізеді.
Фатима Тілейханқызы