Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Эко-QUIZ» атты интеллектуалдық ойын өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған зияткерлік сайысқа университет қабырғасындағы студенттер қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.

Экология – болашақтың кепілі. Сайысқа барлығы 6 команда қатысты. Қатысушылар табиғатты қорғау, экологиялық мәдениет пен жаһандық мәселелер бойынша өз білімдерін сынға салды.

Ақмарал Жарқынбек, С.Аманжолов атындағы ШҚУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім маманы:

Біздің өткізіп жатқан эко-quiz ҚР «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізіліп отырған quiz. Бұл жалпы бізің жастарымыздың, студенттеріміздің арасында өтіп жатыр. Quiz-дің түп мақсаты ол жастардың экологияға деген қарым-қатынасын күшейту және нығайту. Білім деңгейін өсіру және интелектуалды сұрақтар арқылы студенттер арасындағы ой өрісін дамыту деп өткізіп жатырмыз.

«Эко-QUIZ» ойыны Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалармен үндес. Мұндай интеллектуалдық формат жастардың экологияға деген көзқарасын қалыптастырып, олардың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму, экологиялық сауаттылық пен жаһандық мәселелерге қатысты сұрақтар кездесті.

Сабыржан Саматұлы, «Эко-QUIZ» интеллектуалдық ойынының ұйымдастырушысы:

Әрине эко акция болғандықтан экологияға қатысты сұрақтар болады. Невада Семей, өзіміздің Өскемен газ, батыс су апаты ортақ тақырыптар болғандықтан Қазақстандағы экологиялық апаттар туралы болады. Басым сұрақтарды осы эко сұрақтарға бердік. Кезеңдер 5 турдан тұрады. Бірінші кезең таңдау, тесттік сұрақ. Екінші кезең ол сурет сұрақ. Карикатураға қатысты сұрақтар. Үшінші кезең бізде кино және музыка. Төртінші кезең бізде ортақ тақырып, осы күнге арналған тақырып. Бесінші тәуекел деп аталады. Өте қызық негізі.

Интеллектуалдық сайыс студенттер арасында жоғары бағаланды. Қатысушылар командалық жұмыс пен білім бәсекесінде белсенділік танытты. Экология тақырыбындағы сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауап берді. Сайыс жастардың ой ұшқырлығын бағамдап, білімін шыңдауға сеп.

Нұрлы Сайлаубек, ЖОО студенті:

Эко-Quiz-ға Жас талан ұйымы болып қатысып отырмыз. Quiz-ға бізден басқа да университетіміздің активистік ұйымдары қатысып отыр. Яғни өзіміз үшін де қызықты өтуде. Студенттер өте белсенді қатысу үстінде.

Меруерт Қайратбекқызы, ЖОО студенті:

КДМ командасының мүшесі ретінде қатысып отырмын. Сайыста өтке керемет сұрақтар қойылып жатыр. Өзім де осы сұрақтарға таң қалып отырмын. Маған белгісіз сұрақтар да кездесіп жатыр. Біз командалық рухты көтеріп, осы жарыста жеңіп шығатынымызға сенімдімін. Менің командаластарым да өте керемет дайындалып келген. Олардың экология туралы жақсы білетініне сенімдімін. Табиғатты қорғау кеңінен дамып жатқандықтан әр-бір студент ол туралы біледі деген ойдамын.

Сайыс қорытындысы бойынша І орынды «Shuaq» клубы иеленсе, ІІ орын «Оқырман» клубына бұйырды. Ал үшінші орынға «Шабыт» клубының ойыншылары жайғасты. Сайысқа қатысқан командалар алғыс хаттармен марапатталды. Экологиялық сананы арттыруды мақсат еткен мұндай шаралар алдағы уақытта да игі жалғасын таппақ.

Нұртас Қайролдаев