Зайсан ауданы аймақтағы әлеуметтік-экномикалық даму барысы жағынан алдыңғы қатарда келе жатқан елді мекендердің бірі. Әрине экономикалық әлеуетті арттыруда ауыл шаруашылығын тасада қалдырып, алға қадам жасау мүмкін емес. Мұнда қазіргі таңда 1523 қожалық жұмыс істеп тұр. Оның 454-і мал шаруашылығымен айналысады.

Зайсан ауданында жылдан-жылға асыл тұқымды мал басы саны артып келеді. Ірі қара санының өсуі етті бағыттағы шаруашылықты дамытуға жол ашады. Аталған бағыт дамыған соң, мал бордақылау алаңдарын ашу қолға алынатыны айтпасада түсінікті.Игі бастаманы жүзеге асырғандардың бірі – «Қуат» шаруа қожалығы. Шаруа қожалығында үздіксіз жұмыс пен жоғары сапалы ет өнімін өндіруге арналғанның бәрі бар.Тегеурінді техника, заманауи құрал-жабдықтардың барлығы қызмет барысында сәтті қолданылып келеді.

Қуат Мәуітбеков, «Қуат» шаруа қожалығы жетекшісінің орынбасары:

Мал бордақылау алаңын салдық 200 басқа. 100-ден аса бұқаларымыз бар. Үкіметтен 6 пайызбен кредит алып, 50 бас бұқа сатып алғанбыз. Мына бордақылар өзіміздікі.Ауыл шаруашылығы қорынан 6 процентпен тракторлар алғанбыз. Осы қораның субсидиясына құжаттарымызды өткізіп қойдық алдағы уақытта бұдан да жоғары дамытамыз деген ойдамыз.

Зеңгі баба төлінің сан түрі еліміздің түкпір-түкпірінде бағылады. Олардың арасында қазақтың ақбас сиыры да бар. Бұл аша тұяқтыға деген сұраныс та жоғары. Себебі, аязға және түрлі эгзотикалық ауруларға төзімді. Шет елдің басқа асыл тұқымды малдарынан кем түспейді, дейді «Жомарт» шаруа қожалығының жетекшісі Бауыржан Қамшыбаев.

Бауыржан Қамшыбаев, «Жомарт» шаруа қожалығының жетекшісі:

 «Сыбаға» бағдарламасымен РФ-нан 58 бас қазақтың ақбас сиыры әкелінген. Сол мезетте сол 58 басқ субсидия алынған. Қазіргі таңда мал басы саны 350-дің үстінде. 2025 жылға құжаттарымызды өткізіп қойғанбыз, биыл түседі деп отыр.

Ал Қарабұлақ ауылындағы шаруа қожалықтары мал басын асылдандырып, сүтті және етті сиырларды көбейтіп жатыр. Мемлекеттен көрсетілген көмектің арқасында қажырлы еңбек ақталуда.

Жаңабек Тантыбаев, «Сейітқазы» шаруа қожалығының жетекшісі:

Мал баққан оңай емес. Ерінбеу керек, ерінбесең барлығы табылады. Жоқ дегеннен нәтиже шықпайды. Мысалы, мына сиырға субсидия береді. Жылда аналық басқа беріп тұр, оны алып тұрмыз. Оған рахмет Ол көмек. Ол қандай көмек? Жазды күні техникамен жүреміз.Жанармай, дизель алғанда пайдаланамыз.

Ауданда асыл тұқымды мал басы санының артуы, қожалықтардың жемісті еңбек етуі-субсидиялау тетіктерінің нақты нәтижесі. 2021–2025 жылдар аралығында Зайсанда ауыл шаруашылығы құрылымдарына субсидиялар берілді. Осы кезеңде 991 шаруа қожалықтары субсидия алуға өтінім беріп, 1 286 өтінім мақұлданды.

Марат Уәли, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы:

Соңғы жылдары ауданда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатыр. Ел үкіметі бұл саланы дамыту үшін көптеген игі істерді атқарып жатыр. Көптеген қаржыларды беріп жатыр. Субсидия беріп жатыр. Бұл қаражатты қожалық иелері игілігіне ұстап жатыр.

Жалпы алғанда, Зайсанда мал басының өсуі мемлекеттік қолдау шараларының, оның ішінде субсидиялау механизмдерінің тиімділігін көрсетеді. Бұл қолдау ауданда мал шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды ірі-қара санын көбейтуге және ауыл шаруашылығының экономикалық әлеуетін арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.

Қуаныш Амантайұлы