Конституциялық реформаны талқылау жалғасуда. Алдағы өзгерістер мемлекеттік құрылымның негізгі қағидаттарына, билік жүйесіне және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу тетіктеріне әсер етеді. Жоба мазмұнын түсіндіру және қоғамды пікірталасқа кеңінен тарту мақсатында аймақта ашық диалог алаңдары ұйымдастырылып келеді.

Ел Президенті биылғы Жолдауында 2026 жыл Парламенттік реформалармен есте қалатынын атап өтті. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында: «Ата Заңның Преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтайтындай, уақыт өткен сайын да өзектілігін жоғалтпайтындай етіп қайта жазуымыз қажет. Онда қазақ жеріндегі терең тамырлы өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы айқын көрінуі тиіс», – деді. Ел болашағына қатысты маңызды жоба жөнінде университет оқытушылар да пікір білдірді.

Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы:

Бұл Ата заңда біздің еліміздің тәуелсіздігі туралы адамның өмірі туралы, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты қорғау, тіл мәселесі, дін мәселесі көптеген адам өміріндегі келелі мәселелердің барлығы қозғалған. Соған біз ғалымдар әртүрлі оң пікірімізді беріп жатырмыз. Әсіресе маған ерекше айтатыны Ата заң қазақтың жатық тілінде жазылғандығы. Өте түсінікті қазақтың ұғымына сай.

Заңнамалық жоба билік пен қоғам арасындағы диалогқа негізделген, ал азаматтардың ұсыныстары реформалау үдерісінің маңызды бөлігіне айналып отыр.

Ирина Ровнякова, С.Аманжолов атындағы ШҚУ стратегиялық даму және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры:

 «Бұл бәріміз куә болып отырған маңызды сәт. Біз ұсынылған мәтінді терең талдап, әрбір баптың мәнін түсінуіміз қажет. Қазақстанның әрбір азаматы бұл процеске белсенді атсалысуы тиіс. Мұндай кездесулер спикерлерді тыңдап, ой түюге септігін тигізеді. Әсіресе, жастармен кездесудің маңызы зор, өйткені жастар — біздің болашағымыз. Олар саяси жүйенің неліктен трансформацияланып жатқанын және оның құндылықтарын терең түсінуі қажет.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты түрде өткізілмек.

Бекарыс Секен