Ұлан ауданының Тройницкое ауылында медициналық орталық ашылды. Мекеменің жалпы ауданы 154,7 шаршы метр. Заманауи талаптарға сай салынған пункт ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік нысанға айналып отыр. Салтанатты шараға аудан басшысы, аға буын өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов тұрғындардың денсаулығын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Жаңа медициналық пунктің іске қосылуы сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуға жол ашатынын жеткізді. Сонымен қатар денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын айтып, жаңа нысан ауыл халқының игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне сенім білдірді.

Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:

Көптен күткен медициналық орталық ашылды. Тұрғындардың көңілінен шығып отыр. 2 медработник жұмыс істейді. 127 тұрғындар бар осы ауылда. Үлкен кісілер де бар.

Нысан қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда 12 арналы электрокардиограф, дефибриллятор, магнитотерапия аппараты, инфузиялық сорғылар, компрессиялық небулайзер, спирометр, бактерицидті сәулелендіргіштер және өзге де заманауи құрал-жабдықтар орнатылған.

Қайрат Өскенбаев, Ұлан аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Ұлан ауданы бойынша барлығы 39 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның ішінде 20 медпункт. 4 фельдшерлік-акушерлік пункт. 8 дәрігерлік амбулатория. 1 аудандық поликлиника. 2025 жылы жаңадан салынып іске қосылған. Ол Қасым-Қайсенов кентінде орналасқан. Орталық аурухана Таврияда орналасқан.

Бұл шағын елдімекендегі медициналық тірек-пункт 20 жыл бұрын жабылып қалған. Бүгінге дейін тұрғындар Тавриядағы ауруханаға қаралып келген. Облыс орталығынан алыс жатқан шағын ауылдағы 30-ға жуық түтінде қазір 100-ден аса тұрғын бар. Дегенмен, халыққа қажет әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр.

Зәбиға Жұмағалиқызы, ауыл тұрғыны:

2009 жылдан бастап, фельдшерлік акушерлік пункт жабылып қалған. Оның орны да қалған жоқ. Сондықтан ауырсақ Каменкаға барамыз Кей кезде жол болады. Кей кезде жол болған жоқ. Жас босанатын келіншектер бар.Жас босанған балалар бар.Солар үшін өте жақсы болды.

Ботагөз Әбілқасымова, ауыл тұрғыны:

Бүгінгі сондай шатық күн. Көптен тосқан осы меддпункт болатын. Барлығына рахмет. Концерт те келіп қойып жатыр.

Татьяна Родоловская, ауыл тұрғыны:

Мен осы ауыл мектебінде психологпын. Балалар сырқаттанып қалса келіп алғашқы медициналық көмек алуға болатын осындай медициналық орталық ашылғанына дән ризамын. Ұзақ жол жүрмей өзіміздің ауруханаға келіп емделсек болады.

Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту маңызды шаралардың бірі. Тройницкое ауылында ашылған жаңа медициналық пункт – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Сая Жарасқызы