Шығыстың саятшылары Күршім ауданында бас қосты. Мұнда қырандардың бабы сыналып, құсбегілердің шеберлігі сарапқа салынды. Қай қыран үздік атанды екен? Келесі бейнематериалда.

Күршім ауданында құсбегілік сайыстан облыс чемпионаты өтті. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен 30-ға жуық саятшы қатысты. Жарыс барысында қатысушылар бүркітті қолға шақыру және шырғаға тарту кезеңдері бойынша шеберлігін көрсетті. Кейін іріктеуден өткендер қырандарын аңға салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылдан жылға құсбегілердің саны артып келеді. Әсіресе, баласын баулып жүрген жандар көп. Бұған дәлел, Ұлан ауданынан ұлын ертіп келген саятшыны көзіміз шалды.

Айта кетейік, дүбірлі жарыс облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен Күршім ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Алмас Ижимов, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

Құсбегіліктен екінші чемпионаттың өтуіне былтырғы жылғы Күршім ауданы облыс бойынша Ауылым алтын бесігім сайысында бас жүлдені жеңіп алуына байланысты біздің ауданға ұсыныс берілді. Аудан әкімі қолдап, іс шара өтіп жатыр.

Бүркітшілер арасындағы тартысты бәсекеде 1-орынды Ұлан ауданынан келген Горький Нажитбан иеленді. Ал, қаршыға сайысында жеңіс тұғырынан Ердана Самғат көрінді.

Горький Нажитбан, Жарыс жеңімпазы:

Бірінші болып жатырмын. Бүркітімнің аты Аққанат. Басқа да бүркітшілерге жұғысты болсын. Бұл Күршімнің халқына, басшыларына, көптен көп рақмет! Әрқашанда көк туымыз желбіреп құстардың қанаты талмай ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін деп тілейміз.

Ауданда өткен бұл бүркітшілер жарысы - ұлттық рухты асқақтатып, өскелең ұрпақты құсбегілікке баулуда маңызды рөл атқарды.

Бекарыс Секен