Өскеменде әлеуметтік сала мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған семинар өтті. Шара әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Жиын Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жүзеге асты.
Бұл шараның әлеуметтік қызмет мамандарына арналуы да бекер емес. Өйткені, дәл осы сала өкілдері өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен тікелей жұмыс істеп, зорлық-зомбылық фактілерін ерте анықтауда маңызды рөл атқарады. Олардың кәсіби әрі уақтылы әрекеті жәбірленушілерге қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Эльнара Бекқалиева, Өскемен қ. ПБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы:
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Осы бағытта 15–21 ақпан аралығында республикалық акция өтеді. Зорлық-зомбылыққа тап болған немесе осындай жағдайлар туралы ақпараты бар азаматтарды 111, 150 және 102 нөмірлеріне қоңырау шалуға шақырамыз. Сондай-ақ, 2025 жылдан бастап ҚР-ның Қылмыстық кодексіне «сталкинг» бабы енгізілгенін атап өткім келеді. Сталкинг – бұл адамды қасақана, табанды түрде аңду, қудалау арқылы психологиялық қысым көрсету немесе оның еркін жүріп-тұруын шектеу. Мұндай құқықбұзушылық үшін айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамауға алу жазасы қарастырылған.
Жиында мамандар көпшілікті маңызды ақпаратпен құлағдар етті. Мәселен, енді әйеліне қоқан-лоқы жасағандар мен некеге мәжбүрлеу әрекеттері үшін еліміздің қылмыстық заңнамасында қатаң жауапкершілік қарастырылған.
Аксана Каленова, ШҚО бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
Сталкинг пен некеге мәжбүрлеу қылмысқа қатысты істер Қылмыстық кодекске 2025 жылы енгізілді. Бұл нормалар ең алдымен әйелдерге күш көрстеуден қорғауға бағытталған. Қазіргі заманда мұндай әрекеттерге мүлде жол беруге болмайды. Әрбір әйел өзін қауіпсіз сезінуі керек. Ал, жазалау шараларына келсек, сталкинг үшін ең жоғарғы жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу. Ал некеге мәжбүрлеу әрекеті үшін қылмыстың ауырлығына және оның салдарына байланысты 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Семинар барысында мамандарға қылмыстық заңнамадағы жаңа нормалар түсіндіріліп, нақты кейстер негізінде тәжірибелік сабақтар өткізілді. Мамандар алған білімдерін тәжірибеде тиімді қолданса, бұл көптеген отбасының тағдырына оң әсер етпек. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының құрылтайда айтылған сөзінен кейін қолға алынып, құқық саласындағы реформаларды тиімді жүзеге асыруға түрткі болды.
Маруа Гайсина, Облыстық «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры:
Құрылтайда отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты, некеге мәжбүрлеу, сталкинг сияқты шаралардың барлығына нөлдік төзімділік қалыптастыру бойынша айтылған болатын. Сол себепті, мемлекеттік компаниялар жүргізіліп жатыр. Біздің ШҚО да әкімдікті бекітілген жоспары бар. Біз сол жоспар аясында әр ведомствалар өз құзыретіндегі бағытта жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар алған білімдерін тәжірибеде тиімді қолданып, қоғамдағы келеңсіз жайттарды болдырмауға үлестерін қосады.
Фатима Тілейханқызы