Елде өткен жылы «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасы іске асырылған болатын. Ұлттық жоба аясында Зайсан қаласында 300 орындық білім ошағы салынып, ел игілігіне берілді. Мақсат - қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқу орын-дарының тапшылығы мәселелесін шешу. Қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыру. Сауыр мөлтек ауданында бой көтерген мектептің тыныс-тіршілігімен арна тілшілері танысып қайтты.

Сауыр мөлтек ауданында бой көтерген білім ошағында оқушылардың жайлы білім алуы үшін бар жағдай қарастырылған. Шығыстың алтын қақпасы, шекаралық ауданның орталығы Зайсан қаласы қарқынды дамып келе жатқандықтан білім ордасы ауадай қажет еді. Тұрғындар талай жылдан бері көтерген мәселенің игі шешім тапқаны бірқатар мәселенің тез арада шешім табуына сеп болды. Ең алдымен жаңа жұмыс орындары ашылды. Сапалы біліммен қамту ісі тың серпін алды.

Жанат Байсаринова, Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Ауданның білім саласы бойынша материалдық-техникалық базасының өсуіне облыстық білім басқармасы тарапынан жылда қаражат бөлініп, сол қаражат игерілуде. Соңғы екі жыл бойынша айтар болсақ, 12 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2 балабақша және 1 қосымша білім беру ұйымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізлді. Мектептерді жаңа модификацияланған кабинетпен жарақтандыру ісі үздіксіз жүргізіліп келеді.

Білім ошағы оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бар күш жігерін салуда. Сауыр жалпы орта білім беретін мектебі - жас өрендердің таным көкжиегін кеңейтіп, саналы тәрбие беруді мақсат еткен білім ордасы.Мектеп ұжымы оқушылардың білім деңгейін арттырумен қатар, олардың отансүйгіш, жауапкершілігі жоғары, жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу кабинеттері, білікті педагогтер және қолайлы білім беру ортасы – Сауыр мектебінің басты артықшылығы. Мұнда әрбір оқушының қабілетін ашуға, өз арманына жетуіне мүмкіндік жасалған.

Сұңғат Анапиев, Сауыр жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:

Жобалық қуаты 300 орындық. Екі ауысымда жұмыс жасаймыз. Жалпы оқушылар саны 554 бала. Жалпы педагогтердің саны 47. Оның ішінде педагог-зерттеуші – 9,педагог сарапшы – 11, педагог-модератор -14, педагог – 13.

Зайсан ауданында жалпы саны 28 мектеп бар. Онда 7024 бала білім алады. Маман тапшылығы жоқ, дейді жергілікті билік өкілдері.

Қуаныш Амантайұлы