Бүгінде өңірдің денсаулық сақтау саласы түбегейлі жаңаруда. Жаңа медициналық мекемелер ашылып, заманауи технологиялар қолданысқа енгізілді. Жедел жәрдем мен алғашқы көмек қызметінің деңгейі артты. Нәтижесінде сырқаттану төмендеп, ауыл халқы үшін дәрігер көмегіне қолжетімділік кеңейді. Моноқалалардың тұрғындары да енді өз аймағында сапалы ем қабылдай алады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста туберкулезге шалдығу 7 пайызға, қан айналымы жүйесі аурулары 4 пайызға, ал қант диабеті 10 пайызға төмендеген. Бұл алдын алу шараларын күшейту мен дертті ерте анықтаудың нәтижесі. Сондай-ақ, өңірде ана өлімі бойынша бірде-бір жағдай тіркелмеді. Бұған заманауи медициналық жабдықтармен қамту және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру оң әсер етті. Аймақтың денсаулық сақтау жүйесінде 2900 дәрігер және 7 700-ден астам орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Өткен жылы дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында шетелге 72 маман жіберілді. Ал биыл тағы 30 дәрігерді тәжірибеден өткізу жоспарланып отыр. Израиль мемлекетінде біліктілігін арттырып келген тәжірибелі мамандардың бірі - Нұрсолтан Темірханов.
Нұрсолтан Темірханов, дәрігер анестезиолог-реаниматолог:
Медициналық орталығында көптеген нәрселер үйрендік. Әлемнің үздік ондығындағы медициналық орталық болғандықтан балалар анестезиология бойынша өте көп өзгерістер бар. УЗДГ яғни УЗИ арқылы блокадалар балаларға ШҚО бойынша, ҚР бойынша аз қолданылады, содан бастап көп нәрсені үйреніп, пайдаланып жатырмыз. Қабылдау бөлімінде, реанимация бөлімінде қандай керекті медициналық ерекшеліктер бар, соларды салыстырып, керекті заттарды тапсырыс беріп, солармен қазіргі кезде уже жұмыс істеп жатырмыз.
Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту да жүйелі қолға алынған. Соңғы үш жылда ұлттық жоба аясында облыста 36 медициналық нысан салынды. Айырықша атап өтерлік жоба - Риддер қаласындағы көпбейінді аурухана. Бұрын тұрғындар күрделі ем алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болса, енді қажетті көмекті алысқа ұзамай-ақ ала алады.
Әділжан Масадықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Облыста бірнеше медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Соның алғашқысы — Қасым Қайсенов кентінде ашылған, бір ауысымда 150 адамды қабылдай алатын жаңа емхана. Бұл медициналық мекеме жергілікті тұрғындарға заманауи деңгейде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Енді ауыл халқы медициналық көмек алу үшін қалаға сабылмай, қажетті қызметтің барлығын өз елді мекенінде, білікті мамандардан ала алады. Ал келесі нысан Ахмер кентінде іске қосылған дәрігерлік амбулатория. Ол бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған. Мұнда да тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге және қажетті тексерулерден өтуге барлық жағдай жасалған.
Алдағы уақытта Өскеменде гематология орталығы ашылады. Бұл орталықта бұған дейін өңір тұрғындары үшін қолжетімсіз болған жоғары технологиялы диагностикалау және емдеу әдістері қолданылады деп күтілуде. Атқарылған жұмыстар денсаулық сақтау саласын тұрақты дамытуға бағытталған. Мақсат - медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, оны заманауи талаптарға сай жетілдіру.
Қымбат Иманғали