ҚХР Тяньцзинь қаласында өткен жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды. Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, құрлықтық біріншілікте ел құрамасы 7 медаль иеленіп, командалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Жүлдегерлер арасында аймақ спортшылары да бар.
Биылғы біріншілікке Азияның 35 елінен 400-ге жуық атлет қатысты. Қазақстан сапынан бес шығысқазақстандық сынға түсіп, төртеуi жүлдемен елге оралды.
Эльдар Жакежанов, «Shygys Athletics» спорт клубының директоры:
Нора Жеруто, 1500 км жүгірді бірінші күні, ол қола медаль алды. Екінші күні 3000 км алтын медаль алды. Биіктікке секіретін қыздарымыз Надежда Дубовицкая ол екінші орын алды. Одан кейін эстафетада екі спортшымыз жүгірді. Соколов Андрей, Мухиддинов Елнұр. Олар топтық командада 3 орын алды, эстофетада. 4400 ден жүгірді.
Биіктікке секіруден күміс медаль иегері Надежда Дубовицкая бұл жетістік үлкен еңбектің нәтижесі екенін айтады. Соңғы жылдары жарақат пен үзілістен кейін қайта қалыпқа келу оңай болмаған. Соған қарамастан спортшы бабына келіп, Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Надежда Дубовицкая, жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының күміс жүлдегері:
Бұл үлкен күреспен келген жүлде. Биіктікке секіруде бәсекелестік жыл сайын күшейіп келеді. Биылғы бәсекеде 187 сантиметр биіктікті бірден бес спортшы бағындырды. Бұрын мұндай жағдай сирек болатын. Бұл – Азияда биіктікке секіру спорты қарқынды дамып келе жатқанының дәлелі. Жүлде үшін Үндістан, Өзбекстан, Қытай және Қазақстан спортшылары таласты. Бұрын бір-екі ел ғана алда жүрсе, қазір әр мемлекетте бәсекелестік артқан.
Эстафетада қола медаль жеңіп алған Андрей Соколов командалық жұмыстың маңызын атап өтті.
Андрей Соколов, жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері:
Бұл үлкен еңбек, әрине ұйқысыз түндер, толассыз жаттығулар. Ел намысын қорғау үшін барымызды салдық. Бірақ еркінсуге болмайды. Алда – жазғы маусым мен Азия ойындарына дайындық кезеңі бар. Жуырда Ольга Рыпакова атындағы халықаралық турнир өтеді. Бұдан да өзге жарыстар жоспарланған. Сондықтан бір сәтке де бәсеңсімейміз. Туған жерге оралғанда жерлестерімнің қолдауын сезіну ерекше шабыттандырады екен.
Спортшылар енді Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындықты бастамақ. Бапкерлер штабы әр атлеттің жеке дайындығына басымдық беріп, нәтижені кезең-кезеңімен арттыруды көздеп отыр.
Қымбат Иманғали