Облыс әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысына арналған жиын өтті. Басқосуда Президент айқындаған стратегиялық міндеттерді өңірде жүзеге асырудың басым бағыттары талқыланды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Мемлекет басшысының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты бағдарларын көрсетіп, экономиканы әртараптандыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге айрықша мән бергенін атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Маңызды жобаларды қаржыландыру және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру денсаулық сақтау, білім ғылым салаларын одан әрі дамыту жөнінде нақты міндеттер белгіледі. Жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегияны әзірлеуді тапсырды. Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін қағидаты айқындала түсті. Осы бағытта облыс халқының әл-ауқатын одан әрі арттыру мақсатында кешенді әрі жүйелі жұмыстар жалғастыратын боламыз.

Кездесу барысында туризм басқармасы сапалы инвестиция тартудың тұтас стратегиясын қалыптастыру қажеттілігіне тоқталып, өңірдегі инвестиция көлемін жариялады.

Ержан Сембинов, Облыстық туризм басқармасының басшысы:

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 838,1 млрд теңгені құрады. 2024 жылмен салыстырғанда өсім – 8,3%. 2025 жылдың 9 айында тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,6 млрд АҚШ долларына жетіп, үш есеге артты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша өңір республикада 3-орында тұр.

Жиын қорытындысында Нұрымбет Сақтағанов жауапты органдарға Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі жоспарды 25 ақпанға дейін әзірлеп, бекітуді тапсырды.

Бекарыс Секен