Конституциялық комиссия әзірлеген жаңа Конституция жобасы жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды. Ел көлемінде негізгі құжаттың басты ережелерін түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Әр өңірде кездесулер, жиналыстар және пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша 15 наурызда өтетін республикалық референдум туралы Жарлыққа қол қойды. Қазір халыққа негізгі заң жобасын кеңінен түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Соның аясында Катонқарағай ауданында ұлттық парк қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Кездесуде құжаттың негізгі тұстары таныстырылды. Жаңа Конституцияның басты бағыттары – билік тармақтарының құрылымына, мемлекеттік органдардың өкілеттіктеріне қатысты. Сонымен қатар, адам құқықтарын қорғау, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру, тіл мәртебесі мен өзге де іргелі нормаларға ерекше мән берілген.
Жанболат Тыныбеков, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:
Жиналыстың бірінші тақырыбы – елімізде жүріп жатқан Конститутциядағы өзгерістер қаралып, талқыланды. Сол бойынша қандай өзгерістер бар соны аппаратпен бөлістік. Ұлттық паркте 5 филиал, 10 орманшылық басшылардың бәрі қатысып, бөлімдерімен осы өзгерістерді қолдайтынымызды айттық.
Ұлттық парк өкілдері ұсынылған түзетулерді талқылап, жаңа нормалардың қоғам өміріне тигізетін әсері жайында баяндады. Табиғатты қорғау, білім беру, әлеуметтік бағдарламалар сияқты салаларға тигізер ықпалы жөнінде пікір алмасты.
Аян Қоңырбаев, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Берел» филиалының директоры:
Катонқарағай табиғи ұлттық паркінде бас директорымыз Жанболат Батталұлының басқаруымен өзіміздің төл заңымыз Конститутциямызға кіргізілген өзгерістер туралы талқылау жұмыстары өтті. Мұндағы өзгерістер мен келтірілген мысалдарға бірігіп атсалысып, Қазақстанның көркеюіне өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймыз.
Қызметкерлердің айтуынша, мұндай бастамалар басқарудың заманауи әрі теңгерімді жүйесін қалыптастырып, мемлекеттің құқықтық негізін нығайтуға және әрбір азаматтың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
Фатима Тілейханқызы