Соңғы үш жылда өңірге 2 мыңнан астам адам қоныс аударған. Соның 800-ге жуығы өткен жылы көшіп келді. Шекаралық аудандарға қоныс аударушылар санын арттыру үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылған. Биыл Мемлекеттік қолдау аясында «Шығыс шақырады» бағдарламасы пилоттық режимде жүзеге аспақ. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кеңесте көші-қон саласындағы мәселелер талқыланды. Жиынға салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты.
2023–2025 жылдары ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында өңірге 702 отбасы көшіп келген. Қоныс аударудан бұрын аудандардағы маман тапшылығы, инфрақұрылым мүмкіндіктері және нақты бос жұмыс орындары зерделенеді.
Жиында қандастар мен қоныс аударушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері, «Шығыс шақырады» бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, биыл өңірге 800 адамды квота арқылы тарту жоспарланған. Оның 600-і – еңбек күші артық өңірлерден келетін қоныс аударушылар, 200-і – қандастар. Пилоттық жоба Марқакөл, Самар, Катонқарағай және Тарбағатай аудандарында жүзеге асуда.
Альмира Мусинова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:
«Құтты өңір» бағыты бойынша жергілікті кәсіпкерлермен меморандум жасасып, ауылда әсіресе шекаралас аудандарда босап қалған үйлерді сатып алып, ол жерге кішігірім жөндеу жұмыстарын жасап, келген азаматтарға беріледі. Мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін субсидиялармен бірге өңірлік «Шығыс шақырады» бағдарламамызды қабылдадық. Бұл өңірлік бағдарлама біздің жеңілдетілген 5 пайызға дейінгі несиеге бағытталған.
Бұдан бөлек, қоныс аударушылар мен қандастардың кәсіп бастауына 750 АЕК дейін қайтарымсыз гранттар қарастырылған. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, өңірде еңбек етуге және болашақ құруға қолайлы орта қалыптастыру керек. Ол үшін баспана, әлеуметтік инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Аудан, қала әкімдеріне қоныс аударушыларды орналастыру бойынша тұрақты жұмыстар ұйымдатырыңыздар. Өздеріңіз жандарыңыз ашып, өздеріңіз жұмыс жасамаңыздар, бұл болмайды. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін тұрақты жұмысқа орналастыруға, оқытуға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға, осы нәрселердің бәріне көмектесіп отыруларыңыз қажет.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы АӘК алушылар арасында сараптама жасап, көп балалы отбасыларды облысішілік қоныс аудару шеңберінде ауылдық жерлерге қоныстандыруды қарастыруды тапсырды. Арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, жастарды ауылдық жерде қалдыруға барынша жағдай жасау керек деді. Өңір әкімі атап өткендей, қоныс аудару бағдарламасының тиімділігі есеппен емес, тұрғындардың жаңа ортаға қаншалықты бейімделгенімен өлшенеді. Көші-қон жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.
Қымбат Иманғали