Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшыларының материалдық-техникалық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Жуырда Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы жаңа қызметтік автокөліктермен толықты. Енді 12 темір тұлпар өңірдің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етпек.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, қызметкерлерді заманауи автокөлікпен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Бұл қадам қызмет сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында жеделдік пен үйлесімділікті күшейтеді. Нәтижесінде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары да анағұрлым тиімді жүргізілмек.
Азамат Ахметов, ШҚО және Абай облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
ІІМ рұқсатымен «Hyundai elentra» автокөліктері берілді. Жалпы саны 12 машина берілді. Ол машиналар облыс бойынша қызметке қолданылады. Риддер қаласына беріледі, Серебрянск қаласына беріледі, Зайсан қаласына беріледі.
Жаңа көліктер белгіленген талаптарға сай толық рәсімделіп, өңірдегі қала және аудан бөлімшелеріне кезең-кезеңімен бөлінді. Олар енді жеке құрамды қызмет орнына уақтылы жеткізіп, тәулік бойы қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстауға, сондай-ақ шұғыл жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Кабен Қайсенов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Автокөліктерді бөліп беріп жатырмыз. Олардың жұмыстарындағы сапасын жетілдіреді және объектілерге тез арада жете алады. Сотрудниктерді апарып орындарына алып келеді. Сол жақсы жағынан ғана көрсетеді деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, жеке құрамға автокөліктерді тиімді пайдалану, олардың техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау жөнінде арнайы нұсқаулықтар берілді. Мамандар бұл талаптар қызмет қауіпсіздігі мен тәртіп мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтады.
Нұрболат Икамбаев, ШҚО және Абай облысының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция және техникалық қызметті ұйымдастыру бөлімінің аға инженері:
Жаңа автокөлік алып жатырмыз. Автокөлікті алғанымызға ризамыз. Ең бірінші ризашылығымызды ҚР ІІМ күзет қызметін бақылау комитетінің басшы құрамына алғысымыз шексіз. Еліміздің тыныштығын күзетуде аянбай еңбек етеміз.
Жалпы, мұндай бастамалар бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, құқық қорғау органдары жұмысының сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл саланы жаңғырту шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Нұртас Қайролдаев