Жаңа құтқару станциясы ашылды
Ертіс өзенінің жағалауындағы «Самал» саябағында заманауи құтқару станциясы ашылды. Жаңа нысан су айдынындағы қауіпсіздікті күшейтіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қатысты.
Облыста құтқару инфрақұрылымының екі жаңа нысаны бірден пайдалануға берілуде. Оның бірі – Өскемен қаласындағы Ертіс өзенінің жағалауында, «Самал» саябағында орналасқан заманауи құтқару станциясы. Екінші құтқару модулі Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасында ашылады. Екі нысанның бір күнде іске қосылуы – өңірдегі су айдындарындағы қауіпсіздік жүйесін күшейту бағытындағы маңызды қадам.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Бізде өте көп туристік аймақтарымыз бар ШҚО-да. Осы тәсілмен бірге әкімдікпен бірлесіп, құтқарушылардың жағдайын жасайтын боламыз. Мұның бәрі Мемлекет басшымыздың нақты тапсырмасы. 2 жыл бұрын берілген болатын. 2 жылда 50-ден астам станция салынады ел бойынша.
Өскемен қаласы үшін судағы қауіпсіздік мәселесінің маңызы ерекше. Қала Ертіс пен Үлбі өзендерінің тоғысқан тұсында орналасқан. Сондықтан әсіресе жаз мезгілінде өзен жағалауы тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналады. Осыған байланысты жаңа құтқару станциясының ашылуы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің Ертісіміз Бұқтырма су қоймасы бұл жай ғана өзендер немесе су қоймасы емес, сонымен қатар біздің өңіріміздің күнделікті халықтың халықпен тұтынатын экономикалық әлеуметтік жағынан қажетті өңір, қажетті нысандар.
Жаңа құтқару станциясы қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда мамандар тұрақты кезекшілік атқарып, су айдынын бақылауда ұстайды және төтенше жағдай туындаған кезде адамдарға жедел көмек көрсетеді. Салтанатты рәсім барысында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің гарнизонына арнайы техниканың төрт бірлігі табысталды. Оның қатарында жүріп өту мүмкіндігі жоғары өрт сөндіру көліктері мен жедел-құтқару машиналары бар.
Евгений Егоров, ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары:
Біздің станциямыз – заманауи талаптарға толық жауап беретін нысан. Ол су айдынын бақылау және құтқарушылардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлардың барлығымен жабдықталған. Мұнда мамандар су айдынын бақылап отыратын жұмыс аймағы, ас ішіп, тамақ әзірлеуге арналған орын, душ және санитарлық торап қарастырылған. Сонымен қатар құтқару құрал-жабдықтары сақталатын қойма және мамандардың тынығуына арналған демалыс бөлмесі бар. Жалпы, станция заманауи талаптардың барлығына сай келеді. Мұнда кондиционерлер, тоңазытқыштар орнатылған. Құтқарушылардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған: станция заманауи, жайлы әрі қолайлы.
Шара соңында азаматтық қорғау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Аяулым Усинова